Astana Art Show: Қазақ жастары қазіргі заман өнерін көрсетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Астанадағы TSE Art Destination галереясында «Astana Art Show 2018» халықаралық көрмесі ашылды. Қазіргі заман өнеріне арналған шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған шетелде жүрген өнерлі қазақ жастары да өз туындыларын алып келді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Astana Art Show» жобасы үш көрмеден тұрады. Бүгінгі көрменің тақырыбы - Метаморфозалар. Негізгі мақсат - жас суретшілердің ішкі көңіл-күйін көрсету. Олардың дүниетанымын, эволюциясын, ішкі метаморфозасын, шығармашылық шабыттарын бір сәттік сурет арқылы көруге болады. Көрмеге өз жұмыстарын әкелгендердің ішінде шетелде танымал болған қазақстандық суретшілер де бар. Мәселен, Лондонда аты шыққан Аза Шәденова өз туындыларын алып келді. Ал жас суретші Әділ Әубекеров жаңа арт-нысанын көрсетеді. 

Меруерт пен Бақтияр да Лондонда тұрады. Олар шығармашылық дуэтпен өнер көрсетеді. Лақап аттары - Mika & Berkin.

«Біз шетелде талай арт-көрмелерде болдық. Астанадағы көрме одан еш кем емес. Бүгінгі шараға біраз адамдар келді. Демек, жастар тарапынан қызығушылық бар. Өнерлі суретшілер де аз емес. Соған шын жүректен қуаныштымыз», - дейді Меруерт Орынбасарова.  

Көрмеге танымал жапондық фотограф Икуру Куваджиманың «Мен Обломов» автопортреті де шығарылды. Жалпы, TSE Art Destination галереясының ішінде де, сыртында да қазіргі заман өнеріне арналған сан алуан туындылармен танысуға болады. Соның ішінде фотосуреттер, портреттер, коллаждар, инсталляциялар мен қолөнер бұйымдары бар.

Шымкент қаласынан келген Сырлыбек Бекботаевтың инсталляциясын да ерекше атап өткен жөн. Ұлттық киім киген қазақ қызының бейнесі бірнеше бөліктен тұрады және сағатың ішкі меxанизмі сияқты үнемі айналып отырады. Оның бейнесі кейде түсініксіз болып кетеді. Ал бір-екі айналымнан кейін қайтадан өзінің тұтас қалпына келеді. С.Бекботаевтың айтуынша, бұл - қазіргі өмірдің көрінісі. Қанша уақыт өтсе де, кез келген жаңалық ескінің жаңғырығы іспетті. Бір-екі айналымнан кейін қайтадан бұрынғы қалпына, ұлттық болмысына келеді.

«Сосын бұл инталляцияны шығармышылық шабыт деп түсінуге де болады. Біз бір нәрсені қалай айналдырсақ та, жаңалықты өткен өмірден аламыз, тариxтан нәр аламыз», - дейді С.Бекботаев.

Айта кетейік, Astana Art Show аясындағы екінші көрменің тақырыбы -«Қайта жүктеу. Кеңістікті оңтайландыру». Оған Қазақстан мен Орталық Азияның жас суретшілері қатысады. Ал үшінші көрме қайтадан TSE Art Destination галереясында ашылады.

Соңғы жаңалықтар