«Astana Arlans» үндістандық боксшыларды 4:1 есебімен жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Astana Arlans командасы WSB Дүниежүзілік бокс сериясының 2018 жылғы маусымындағы алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады.

Осы уақытта Қарағанды қаласында Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында «Astana Arlans» пен үндістандық «Indian Tigers» командаларының жекпе-жектері соңына жетті. Жеңіс қазақстандық боксшыларға бұйырды, есеп - 4:1.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бірінші болып шаршы алаңға шыққан Серік Теміржанов (60 келіге дейін) қарсыласы Дахья Анкушті ұпай санымен ұтты.

Ал екінші айқаста Бекболат Құрамысов (69 келі) үндістандық қарсыласынан басым түсті. Неги Дуриодхан Сингх қабағынан жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмады. Төрешілер қазақстандық боксшыны жеңімпаз таныды.

Ал 81 келіге дейінгі салмақ санатында өткен үшінші кездесуде Нұрдәулет Жарманов Ядава Бриешаны жеңді - 2:1 (49:46, 49:46, 47:48).

Төртінші жекпе-жек Нұрсұлтан Аманжолв пен Парвин Кумар арасында өтті. Нұрсұлтан қарсыласын айқын басымдықпен жеңді - 3:0 (50:45, 50:45, 50:45).

Ақниет Балтабаев-Бишт Кавиндер (52 кг) арасындағы соңғы айқас үндістандық былғары қолғап шеберінің пайдасына аяқталды - 2:1 (48:47, 46:49, 49:46).

Осылайша, «Астана арландары» «Үндістан жолбарыстарын» 4:1 есебімен ұтты.

Айта кетейік, «Астана арландары» үш рет WSB-дің жеңімпазы болды, төрт рет күміс жүлдегер атанды. Indian Tigers - WSB-дің дебютанты.

Дүниежүзілік бокс сериясының 2018 жылғы маусымында 11 команда өнер көрсетеді. Командалар құрлықтар бойынша үш топқа бөлінген. Жеребе тарту рәсімі бойынша «Астана арландары» Азия аймағындағы топта Қытайдың «China Dragons», Үндістанның «Indian Tigers» және Ресейдің «Patriot Boxing Team» командаларымен кездеседі.

Ал Америка құрлығы бойынша Куба, Венесуэла, Өзбекстан және Колумбия өзара мықтыны анықтаса, Еуропа құрлығы арасында Хорватия, Франция, Англия  және Италия құрамалары өзара сынға түседі. Соңында әр құрлықтың жеңімпаздары нағыз чемпионды анықтайды.

Соңғы жаңалықтар