«Астана арландары» - Дүниежүзілік бокс сериясы бойынша бесінші маусымның чемпионы!

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде екі күнге созылған Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) бойынша «Астана арландары» мен «Куба домадорес» арасындағы финалдық кездесуде қазақстандық команда чемпион атанды.

Ақтық айқаста «Астана арландарына» негізгі жеңісті + 91 келі салмақта Иван Дычко сыйлады. Ол Йоханди Тойрак Ортеганы айқын басымдықпен ұтып, «Куба домадорес» командасын тізе бүктірді. Жалпы есеп «Астана арландарының» пайдасында - 6:4! Осылайша, Дүниежүзілік бокс сериясының бесінші маусымында «Астана арландары» чемпион атанып отыр. Айта кетерлігі, бұған дейін бірінші күннің қорытындысы бойынша қазақстандық команда 3:2 есебімен алға шықса, екінші күні біздің боксшылар тура сол жеңіс жолын қайталады. Атап айтқанда, бокс жекпе-жегінің екінші күні Олжас Сәттібаев сәтті өнер көрсетіп, Йосвани Вейтиа Сотоны тізе бүктірді. Бұдан соң 60 келі салмақтағы Зәкір Сафиуллин Ласаро Хорхе Альварес Эстрадаға жол беріп қойған еді. Ал 69 келіде Асланбек Шымбергенов Роньель Иглесиас Сотолонгоға еш мүмкіндік қалдырмаса, 81 келі салмақтағы кездесуде Нұрдәулет Жарманов Хулио Сесар ла Крус Перасаға ұтылған болатын. Ал шешуші оныншы кездесуде + 91 келі салмақтағы Иван Дычко Йоханди Тойрак Ортеганы бес раундта да басымдықпен жеңіп, WSB чемпиондық кубогын иеленуге септігін тигізді.

Осылайша «Астана арландары» Дүниежүзілік бокс сериясының екі дүркін чемпионы атанды. Бесінші маусымда «Куба домадерос» екінші орынға иеленіп, күміс жүлдегер атанып отыр.

«Куба қабыландары» осы маусымда финалға дейін ешкімді бет қаратпаған болатын, олардың қарқынын тек «Астана арландары» ғана тойтарып, қазақстандық боксшылар тағы да өздерінің әлемдік аренадағы мерейін арттыра түсті.

Бір айта кетерлік жайт, «Астана арландары» Дүниежүзілік бокс сериясы бойынша екі дүркін чемпион болған алғашқы команда атанып отыр.

Соңғы жаңалықтар