«Астана арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шықты

None
None
«АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда өтіп жатқан «Астана арландары» мен ұлыбританиялық «British Lionhearts» арасындағы қарымта айқастың төртінші кездесуі - Бек Нұрмағамбеттің жеңісімен аяқталды. Осылайша, жалпы 6:3 есебімен көш бастаған қазақ боксшылары Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шығып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, алғашқы кездесу (52 келі салмақта Сәкен Бибосынов пен Уил Каулей арасындағы айқас) «British Lionhearts» команданың еншісінде кеткен болатын.

Алайда қазақ боксшылары бір жеңілістің есесін екі жеңіспен қайтарды. Нақтырақ айтқанда, Серік Теміржанов Калум Френчтен (60 келі салмақта) басым түссе, екінші кездесуде британдық Карл Фейлді қадау-қадау соққыларының астына алған Асыланбек Шыңбергенов (69 келі) жеңіске өз командасын бір қадам жақындата түсті.

Бұдан кейін 81 келі салмақта Бек Нұрмағанбет Лиридун Хунаны айқын басымдықпен ұтты. Үшінші раундта Ұлыбританияның атынан шыққан швед легионері Хуна бір мәрте ногдаунға түсіп қалғанымен, айқастың соңына дейін шыдап бақты. Осылайша, Бек Нұрмағамбеттің жеңісі «Астана арландарын» 6:3 есебімен Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шығарып отыр.

Ал Атыраудағы бокс кешінде соңғы кездесуді тура қазір +91 келі салмақта Қамшыбек Қоңқабаев пен Дакрес Соломон өткізіп жатыр. Қамшыбектің жеңісі немесе жеңілісі жалпы есепке бәрібір әсерін тигізбейді.

Еске сала кетсек, Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалындағы «Astana Arlans» пен «British Lionhearts» командалары арасындағы алғашқы кездесуде отандастарымыз жеңіске жеткен болатын. Жартылай финалдық кезеңнің алғашқы айқасын сырт алаңда, яғни Ұлыбританияның Шеффилд қаласында өткізген жерлестеріміз жергілікті боксшыларды 3:2 есебімен ұтып, финалға бір жақындай түскен.

Жекпе-жек кеші «Хабар» арнасында тікелей эфирде көрсетілуде. Бүгінгі кездесуде жеңіске жеткен команда кубалықтармен немесе француздармен (екеуінің арасындағы айқастың жеңімпазымен) кездеседі.

Соңғы жаңалықтар