«Астана-Арқау» деген не?

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана күніне орай дәстүрлі түрде өтетін ғажайып жыр кешінің бірі - «Астана-Арқау». Биыл  4-5 шілдеде түркі жұртының музыка фестивалі осымен 11-ші рет өткелі отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл сайынғы дәстүрге айналған өнер фестивалі негізінен түркі музыкасының әралуандылығы мен қазіргі заманғы түркі этномузыкасындағы жақындықты көрсетуге бағытталған. Түркі халықтарының алуан түрлі жанрдағы музыкалық мұрасына арналған мәдени шараға түркілік дәстүрлі орындаушылар қатысады. Әлемнің әр түкпірінен Астанаға ағылған музыка шеберлері елордалық көрерменге түркінің киелі дәстүрін паш етіп, сирек кездесетін әртүрлі музыкалық аспап түрлерімен тамылжыта күй шертіп, ән салады. Өткен 9 жыл ішінде фестивалға барлық түркі тілдес елдер мен өңірлерден 800-ден астам музыканттар, дәстүрлі әншілер мен музыка зерттеушілері қатысқан болатын.

Айта кетерлігі, осы шараға қатысты жұртшылық арасынан «фестивальдың аты неге «Астана - Арқау» деген сұрақтар қойылып жатады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл атаудың да өзіндік мағынасы бар.

Мәселен, «арқау, арқас, арқалық» - бұл қазақ тілінде ежелден бар сөздер, «арқа» түбіріне түрлі жұрнақ қосу арқылы жасалған. Соның ішінде нақты «арқауға» келсек, әуелгі мағынасы «арқау жіп» екені белгілі. Арқау - бұрынғының қазағы үшін уықтардың арасынан өткізіп, киіз үйдің беріктігі үшін қолданылатын жіп, арқан. Басқұр астында қалады. Ауыспалы мағынасы - бір нәрсенің өзегі, басын қосып, біріктіретін зат. Мысалы, «Ас - адамның арқауы» секілді  ауыспалы мағынадағы сөз де бар. Ал «Астана-Арқау» - кәдімгі екі сөздің қосарлануы арқылы жасалған тіркес. «Күй-Ата», «Ел-Ана» сияқты. Қазіргі «Хан Шатыр» да солай.

Түйіндей айтқанда, «Астана-Арқау» - түрік xалықтарының, олардың дәстүрлі өнерін бір жерде біріктіретін, тұтастыратын арқауды  білдіреді. Барша түркінің арқауын, бауырлас елдердің ұлы өзегін жалғайтын осындай мәуелі қызметті қазір Астана қаласы атқарып отырғаны да шындық. Астана - күллі түркілік интеграцияның ноқта ағасы іспетті шаһар. Басқасын айтпағанда, дәл осындай ауқымдағы фестиваль тура осындай дәйектілікпен, жыл сайын дәстүрлі түрде басқа ешқандай қалада өтпейтінін де қаперде ұстайық. Ең ақыры түркі халықтарының әуезді музыкасы талғамы биік астаналық тыңдарманның асыға күтіп, ыстық ықыласқа бөленетін шарасына да айналып үлгерді.

Еске сала кетейік, «Астана-Арқау» дәстүрлі музыка фестивалі Астана қаласы  әкімшілігінің қолдауымен биыл 4-5 шілдеде «Астана Опера» камералық залында сағат 19:00-де өтеді.

Соңғы жаңалықтар