Астана архитектурасы: масондар мистикасы, мифтік және саяси астар
2022 жылғы 6 шілде 14:00

Астана архитектурасы: масондар мистикасы, мифтік және саяси астар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы күнге дейін елорданың сәулеті туралы мақала аз жазылған жоқ. Орынды-орынсыз мадақ та, сын да көп айтылды. Мұндағы елеулі деген ғимараттың бәрі тамырын көне аңыздан, ауыздан-ауызға тарап жеткен мыңжылдық аңсар-армандардан бастау алып жатыр. ҚазАқпарат тілшісі астана күніне орай мәдениеттанушы, жазушы Зира Наурызбаевадан қала архитектурасындағы мифтік сарындардың қаншалықты үйлесім тауып тұрғанын сұрап көрді.

«Мифтанушы ретінде мен үшін астана кеңістігінің мифологиялық қырлары қызықты. Басқаны қойып атының өзі даудан арылмай келе жатыр. Ең басында Ақмола деген атауды қабылдағысы келмегендер көп болды. «Мола» деген сөзді «могила» деп аударып, қатты сынады. Ондай сын айтушылар жердің тағы бір қиырында Могилев деген қаланың бар екеніне көз жұма қарады. Кейін Астана деген атау алды. Оны да келеке етушілер табылды. Өйткені, парсы тілінен аударғанда бұл сөздің мағынасы да «бейіт» дегенді білдіретін болып шықты. Демек, Астана өзінің бастапқы атауынан алыстай қоймаған. Көне грек әдебиетінің маманы Ольга Фрейденберг «столица» деген сөздің төркіні туралы қызық мәлімет келтіреді. Түбіріндегі «стол» деген сөздің өзі бағзыда құрбан шалатын, арнайы биіктетіп жасалған орын деген мағынаны білдіргенін айтады. Ендеше, астана сөзінің төркінінде қашан да магиялық мән болған. Одан кейін қазақ жалпы моладан қорықпаған ғой. Оны кие, қажет кезінде пана тұтқан», - деп бастады ол әңгімесін.

Зерттеуші қаланың өз атауын қойып, оны қақ бөліп жатқан Есіл өзенінің атынан да о дүниемен байланыс тапқан.

«Оң жағалау мен Сол жағалау ұғымдары жиі айтылады да, Есілдің аты ескерусіз қалып жатады. Ал менің ойыма Есіл дегенде көне мәтел оралады. «Ер өліп, Есіл теріс аққанда, сенікі не қайғы» деген тәмсіл бар. Есілдің этимологиясын «Ишим» есімімен байланыстырып, түрлі нұсқалар айтылып жүр ғой. Бірақ, қазақта өмірден өткен нағыз ерді қимаған кезде «Есіл ер еді» еді деп өкінеді. Есілдің ырықсыз етіс түріндегі мағынасы өзеннің ағысы желге қатты тәуелді екенін білдіріп тұр. Өзеннің бойымен қыдырған кезде талайға дейін қай жаққа ағып жатқанын түсінбей жүрдім. Географияның теориясы бойынша өзеннің бастауына арқаңды беріп тұрсаң, сол қолың жақтағы жағалау - сол жағалау да, оң қолың жағындағысы - оң жағалау болады. Енді қызықты қараңыз, Целинаград Есілдің оң жағасында, Ақмола сол жағасында болған. Мифологияда өзен дүниелер арасындағы шекара болып беріледі. Көбінде өзеннің ар жағы (сол жағасы) өлілер әлемі болып суреттеледі. Мифологияда солтүстік пен батыс өлілер өлкесі ретінде де айтылады. Бұл кей халықтардың мүрдені өзенге ағызып жіберу ғұрпынан шыққан. Сондықтан, өзен ағып жатқан жақ өлілер өлкесі саналған. Есіл де шамалап айтсақ, солтүстік-батысты бетке алып ағады. Сонда Есіл «өлілер өлкесіне» ағып жатыр деген сөз», - дейді Зира Наурызбаева.

Ғалымның пайымдауынша, қаланың оң жақ бөлігі оңтүстік-шығыста жатыр. Өзеннің бастауы сол жақта болғандықтан, бұл тарап «өмір өлкесі» болып есептеледі.

«Әрине, мұның бәрі нақты өмірге қатысы жоқ, миф қана болып естіледі. Бірақ, мифтегі дүниенің бәрі адамға бейсана деңгейінде әсер ететінін ескере бермейміз. Көне эпостарға талдау жасасақ, кейіпкерге қалыңдығы мен дәулетін өлілер әлеміндегі ата-бабасы дарытады. Қазіргі «сол жағалаудан қыз алсаң, алысқа барасың», «сол жағалаудың күйеу баласы ғой, мұртын балта шаппас» деген әзілдердің астары осы мифологиямен астасып кетеді», - деді ғалым.

«Төл тарихты менсінбейтіндер аңыздың өзін «алыстан арбалап» жүр»

Мифтанушы маман қаланың орын тепкен кескіні мен тарихи атауларының өзі миф пен мистикаға толы болғанына қарамастан, ойдан түрлі «креативтер» құрауға күш пен уақыт көп жұмсалғанын айтады. Сондай жасанды аңыздарды тықпалай бергенше, көмескіде жатқан көне аңыздарды тірілте салу әлдеқайда оңтайлы болар еді деп есептейді.

«Астананы әу баста жобалаған адамдар оның сәулеті мен келбетін мифтермен байытқысы келгені көрініп тұрады. Бірақ, бұл өте қарабайыр, икемсіз ойластырылған. Мысалы, осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын астанаға көшіп келгенде Бейбітшілік сарайына жиі баратынмын. Ішінде Норман Фостердің астананың сәулетіне қатысты сызбалары тұратын. Сонда мен пирамидамен бірге витрувиан адамының кескінін көріп таңғалғам. Екеуінің арасынан қандай үйлесім таппақ болғанын әлі де түсінген жоқпын. Гид бізге пирмадианың табанында 3000 ролик бар, соның арқасында жел соққанда шайқалмайды деп түсіндірген болатын. Етегі жерге кіріп тұрған төрттағанды пирамида онсыз да мығым орналасқан. 3000 ролик төселгені шын болса, неге сонша шығындалғанын түсінбеймін. Мұндағы айтайын дегенім, әуел баста астанадағы әрбір нысанның айналасында мифтер қалыптастыру талпынысы болған еді. Пирамиданың өн бойында «масондар символикасы қаптап тұрғаны» көп талқыланды. Мұның бәрі қаланы жобалаушылардың бастамасымен болған сияқты», - деді ол.

Есіл бойында ғасырлар бойы мысқалдап қалыптасқан мистикалық аураға үндесіп тұрған нысанның бірі де бірегейі – «Нұрлы жол» бульвары көрінеді.

«Астананың меридианы – «Нұрлы жол» бульвары. «Ханшатырдан» бастап «Бәйтерек» арқылы Ақ Ордаға, одан өтіп пирамида («Бейбітшілік» сарайы) арқылы «Қазақ Елі» монументіне дейін созылып жатыр. Қарасаңыз, ол да батыстан шығысқа қарай бағыт алған. Батыс сол жағалауда, шығыс оң жағалауда жатыр. Саяхат жетекшілері бульварды қаланың осі деп таныстырып жүр. Шынымен де бульвардың бойында оське келетін бірнеше нысан бар. Аңыз бойынша бәйтерек – үш бірдей дүниені көктеп өскен ағаш. Тамыры о дүниеде, діңі бұ дүниеде, ұшар басы рух дүниесінде тұр.

Бульвардың бойындағы пирамиданы алайық. Ол да бейіттің, мазардың бір түрі. Пирамиданы таудың символы ретінде де қарап жатады. Біздің осьте тау (пирамида) ағаштан («Бәйтеректен») биікте тұр. Ал мифология заңдылығы бойынша ағаш тауың үстінде болуы керек еді», - дейді жазушы.

Ол айтып отырған осьтің бойында Ақ Орда тұр. Тарих тұрғысынан бұл да қызықты нысан.

«Тарихтан Алтын Орда, Көк Орда, Ақ Орда деген құрылымдардың болғанын білеміз. Ақ Ордаға қазіргі қазақ даласы, Сібір өлкесі, Арқа даласы кірген. Егер Ақ Орданың ресми атауында осындай астар болса, тарихи тамырды дөп басқан деуге болады. Юрий Зуев деген түркітанушы бар. Ол көне түркі аңыздарында «ақ үйлілер» деген ұғым болғанын жазады. Ертеде жастар өздерін сынау үшін инициация ғұрпына жиі жүгінген. Көшпелі ортада инициация туған әулеттен алыста өмір сүру түрінде болған. Бірақ азықты әулеттің басты ошағынан алып отырған. Юрий Зуев осындай топтар «ақ үйлілер» деп аталғанын жазады. Аңдасаңыз, көнедегі «ақ үйлілер» мен қазіргі Ақ Ордағылардың жағдайы үндесіп жатыр. Бұлар да қазір үлкен сынақтан өтіп жатыр», - деп әзілдеді сұхбаттасымыз.

«Кейінгі 10 жылда астананың архитектурасы қатты саясиланып кетті»

Басында аңыз бен архаикасы басым болған қала архитектурасында кейінгі 10 жылда саяси астар қоюлана түскен. Мәдениеттанушы бұған сол жағалаудағы «Пекин», «Москва», «Абу-Даби Плаза», «Санкт-Петербург» сияқты нысандардың иық тірестіре орын тебуін мысал етіп келтірді.

«Мұның мифтік астарынан саяси астары басым. Саяси реңк маңызды нысанның бәрін Нұрсұлтан есімімен байланыстыру жаппай белең алған кезде тіптен қоюланып кетті», - дейді жазушы.

Астана мақтаныштарының бірі – тарихи қалалардың атауын алған көшелер композициясы.

«Сығанақ, Сарайшық, Сауран, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Тұран сияқты тарихи қалалардың атауы түгел көрініс тапқан. Бұл осы қаланың рухани келбеті бола білген Ақселеу Сейдімбек, Шерхан Мұртаза, Тұрсынбек Кәкішев, Фариза Оңғарсынова, Мырзатай Жолдасбек сияқты зиялы қауым өкілдерінің ономастикалық комиссияға пәрмені жүргенін көрсетеді», - дейді ғалым.

Түйіндесек, мәдениеттанушы әуел баста «мола» сөзін ырымдап, Ақмола атауынан жерінгеніміз асығыстық болған деп есептейді.

«Дегенмен, кезінде асығыстық жасаппыз деп Ақмоланы қайта қолданысқа енгізудің реті келмес. Маған салса, астанамызға Орда деген ат жарасады. Орданың қақ төрінде Ақ Орда тұрса, тіптен үйлесімді», - деп түйіндеді Зира Наурызбаева.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT