«Астана-Алматы» пойызымен болған апат қозғалыс кестелеріне әсер етпейді – ҚТЖ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шу ауданында жолаушылар пойызы вагондарының аударылуы Астана-Алматы бағытындағы пойыздардың қозғалыс кестесіне әсер етпейді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Таратылған мәліметке сәйкес, «Алматы-1» теміржол вокзалында №10 «Астана-Алматы» пойызының жолаушыларына қажетті барлық көмек көрсетілген. №10 пойыздың 400-ге тарта жолаушысы Алматыға жеткізілген.


«Алматы-1» теміржол вокзалына келген жолаушыларға медициналық көмек көрсетілді. 10 жедел жәрдем қызметімен және вокзалдың медициналық пунктімен кезекшілік ұйымдастырылды», - делінген хабарламада.

Жолаушыларға сонымен қатар, қосымша ақпараттық-анықтамалық аумақта теміржол билеттерінің құнын қайтару бойынша кеңестер берілген.

«Шу стансысына, яғни белгіленген пунктке адамдарды жедел түрде жеткізу үшін 7 жолаушылар вагоны жөнелтілді», - дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Алматы филиалының директоры Сәрсебек Жапаров.


Жолаушылардың хабарлауынша, оқиға болғаннан кейін жолсеріктер оларды бірден вагондардан сыртқа алып шыққан. Арада біраз уақыт өткеннен кейін теміржолшылар адамдарды Алматыға басқа пойызбен жөнелту мүмкіндігін ұйымдастырған.

«Аталған оқиға Астана-Алматы учаскесіндегі пойыздар қозғалысының кестесіне әсер етпейді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Астанадан Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызы апатқа ұшыраған болатын. Бір жасөспірім бала мерт болды. 

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы сәл кейінірек ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның шығу себебін тексеретін арнайы комииссия құрылғанын жария етті. Қылмыстық іс қозғалды. 

Пойызда болған барлық 832 жолаушы белгіленген пункттеріне жеткізілді. 

Соңғы жаңалықтар