«Астана-Алматы» бағытындағы пойыз апаты: Қылмыстық іс қозғалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - ҚР Бас көлік прокуратурасы «Астана-Алматы» жолаушылар пойызының апатқа ұшырауын тергеу жұмыстарын бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған ведомствоға сілтеме жасап.

«2018 жылдың 17 маусымында сағат 13:45-те Жамбыл облысының Шу қаласынан 50 шақырым жерде 20 вагоннан тұратын «Астана-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының құрамы рельстен шығып кетті. Соның салдарынан 8 жолаушылар вагоны рельстен шығып, екеуі аударылды. Апат себептері анықталып жатыр. Алдын ала мәліметтерге сәйкес жолаушылар пойызының аударылуы салдарынан 2006 жылғы кәмелеттік жасқа толмаған бала қайтыс болды. Медициналық көмекке зардап шеккен 11 азамат жүгініп, оларға көмек көрсетілді», - делінген бас көлік прокуратурасы баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар ведомство мәліметінше, оқиға орнында Бас көлік прокуратурасының прокуроры, көліктегі ішкі істер органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, барлық шұғыл қызметтердің қызметкерлері мен Шу қалалық ауруханасының жедел жәрдем көлігі жұмыс істеді. Шудың екі ауруханасына күшейтілген жұмыс режіміне көшірілді. Шу стансасының желілік ішкі істер бөлімінде темір жол қозғалысы қауіпсіздігі ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Қылмыстық істі тергеу барысы Бас көлік прокуратурасының бақылауына алынды», - деп атап өтеді ведомстводан.

Бұған дейін Астанадан Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызының апатқа ұшырағанын хабарлаған болатынбыз.

Одан кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын пойыздың апатқа ұшырауына қатысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның шығу себебін тексеретін арнайы комиссия құрылғанын жария еткен еді.

Соңғы жаңалықтар