«Астана-Алматы» бағытындағы пойыз апаты: Қауырт желі іске қосылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын пойыздың апатқа ұшырауына байланысты қауырт желі іске қосылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана-Алматы» бағытында қатынайтын №9 жолаушылар пойызының 6 вагоны рельстен шығып кетіп, үшеуі аударылды. Соның салдарынан 4 адам зардап шексе, біреуі қаза тапты. Қаза тапқан адамның аты-жөні анықталып жатыр», - деді ол.

Оның дерегінше, төтенше оқиға орнында құтқарушылар бригадасы, Жол бойындағы медициналық құтқару бекеті жедел әрекет ету бригадасы жұмыс істеп жатыр.

«Пойыздағы жолаушылары «Астана-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызымен «Шу» стансасына жөнелтілді. Сағат 15-10-да «Қазавиақұтқару» тікұшағымен оқиға орнына облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі, Жамбыл облыстық ТЖД басшысы аттанды. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінде қауырт желі ісе қосылды. Телефон нөмірі: 51-35-75, 51-41-67», - деді Руслан Иманқұлов.

Бұған дейін Астанадан Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызының апатқа ұшырағанын хабарлаған болатынбыз.

Одан кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын пойыздың апатқа ұшырауына қатысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның шығу себебін тексеретін арнайы комиссия құрылғанын жария еткен еді.

Соңғы жаңалықтар