Астана әлемдік сәулет өнерінің жауһарларын бір арнаға тоғыстырғанымен де асқақ - Халил Акынжы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан астанасы Алатау бөктерінен Сарыарқа даласына ауысқанына тура 20 жыл толып отыр. Осы мәртебелі мерейтой қарсаңында ҚазАқпарат қазақтың бас шаһары жөніндегі елорда қонақтарының естеліктерін жариялауды жөн көріп отыр. Бүгін Түркі кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Халил Акынжының Астана туралы толғанысын оқырман назарына ұсынамыз.

***

Халил АКЫНЖЫ: Тәңіртауға мақтанышпен қарайды

Ақмола, Целиноград, Астана - осы үш атау Қазақстан тарихының үш бөлек кезеңін көрсетеді. Алғашқысы орыстың отарлау саясатын, кейінгісі Кеңестік Қазақстанды көз алдыңызға әкеледі. Жер-су атауларына ерекше мән берген қазақтың болмысы мен ұлттық танымын жою үшін  жүргізілген астыртын саясатты түсіну қиын емес. Үшінші атау - тас бұғаудан босаған тәуелсіз Қазақстанның жарқын символы. Қазақ даласының бір бұрышында Ресей патшалығының мақсатына сай Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының бас қаласы міндетін атқарған Алматыдан астананың Ақмолаға, орталық аймаққа көшірілгенінің дәйекті дәлелі. Әралуан этникалық топтар мен ұлыстарды біріктіріп отырған Астана деп аталатын жаңа қаланың салынып, қазақ елінің бас қаласы атанғанын айдай әлемге білдіріп тұр.

1991 жыл - қазақ  үшін мемлекетті қалыптастырудың, ұлт болашағын айқындаудың, жерге иелік етудің жаршысы болды. Қазақ халқының көне тарих пен салт-дәстүрге бай өмір салты салтанат құрған Ұлы Даланың қақ ортасында орын тепкен Астана -  бейбіт елдің көз қуанышына, баға жетпес байлығына айналды. Құтты қоныс Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен сабақтас, болашақта да аты қатар атала береді. Өйткені жаңа астананың орнын таңдауда ғана емес, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген архитектуралық дизайнде де Елбасының қолтаңбасы бар.

Елорданың ажары әлемдік сәулет өнерінің жауһарларын бір арнаға тоғыстырғанымен де асқақ. Қала көшелерінен дәстүрлі қытай архитектурасын, ХХІ ғасырдың Лондоны мен Парижін, иық тірескен шіркеулерді, мұнаралы мешіттерді көруге болады. Әртүрлі мәдени іс-шараларды өткізуге арналған ғимараттар, музей-мұражайлары еріксіз мойын бұрғызады. Астананың әлемде баламасы жоқ, айшықты ғимаратының бірі - Хан шатыр. Бірегей нысан өр мінезді қазақ халқының шежірелі тарихынан сыр шертіп, өз билігін уысында мықтап ұстап отырғанын айғақтайды. Тұғырлы монолиттік сом құймалардан тұрғызылған кешен: «Біз бүкіл жер жүзін, әлем халықтарын жақсы танимыз. Интеграциялану үрдісіне дайынбыз. Алайда ұлттық бедерімізді ұмытуға пейілді емеспіз» деген ойды жеткізетіндей. Жаңа қала әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізу үшін де барлық мүмкіндіктерді қарастырған.

Тәуелсіз Қазақстан сыртқы саясаттағы рөліне де баса мән беріп, дос көбейту, көршілес елдермен сыйласу және өзара сенімге негізделетін қарым-қатынас құру идеясымен қаруланды. Әлемнің алып мемлекеттері Қытаймен және Ресеймен мыңдаған шақырым шекаралас жатқан Қазақстан екі көршісімен ынтымақтастығын нығайтып, әріптестік қарым-қатынасын жалғастырып отыр. Өзге ұйымдармен жарасымды әріптестік орнатты. ЕЫҚҰ және ИКҰ ұйымдарының саммитін өткізіп, тәуелсіздікке жаңадан қол жеткізген елдердің екінің біріне бұйыра бермейтін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне таңдалды. 

Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін өз ресурстарын басқаруды қолға алған Қазақстан әлем экономикасына өз мүддесіне сай даму қадамдары арқылы жол таба білген сирек кездесетін елдердің бірі. Жерасты байлығын шетелдік технология мен капиталдың күшімен пайдалана алатындығын түсініп, Кеңес кезеңінен қалған таптаурын әдістен жедел арылып, әлемдік экономикаға интеграциялану үшін нақты қадамдар жасады. Ғаламдық деңгейдегі маңызды шаралардың біріне айналған Астана экономикалық форумы осы үдерісті жалғастыру үшін жыл сайын экономист-ғалымдар мен мемлекеттік қызметкерлердің басын қосып келеді. Жаһандық экономикалық құбылыстар мен жаңалықтарды талқыға салатын форум әлемнің ең ықпалды жиыны.

Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы өткен Түркі тілдес елдердің алғашқы саммитінде және 2006 жылы Анталияда ортақ ұйым құру туралы ұсыныс жасап, тың  бастама көтерген болатын. 2009 жылы Нахчыван келісімі арқылы дүниеге келген Түркі кеңесі бүгінде түркі әлемінің біртұтастығына ықпал етіп, басты рөл атқарып отыр. Туысқан халықтардың бірлігін көздейтін кеңес мүше елдердің көзқарастарына құрмет көрсетіп, түркі идеясын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда.

Түркі кеңесінің маңызды мекемесі Түркі академиясы Астанада іске кірісті. Түркі тарихына қатысты тәуелсіз зерттеу жұмыстары арқылы түркі елдерін ғылым саласында таныта бастады.

Бас қаланың көшіру, қазіргі білім мен ғылымға мән беру, дін мен ұлттық мүдденің арасын алшақтатпау, зайырлылық идеяларын пайдалана отырып мемлекет басқару және латын әліпбиіне ауысу - ХХ ғасырдың басында өмір сүрген басқа бір Түрікті - Ататүрікті еске салады.

Осы тұста Түркияның ұлт-азаттық күрес кезеңінде қазақ ақыны Мағжан Жұмабайдың «Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына, Бауырым, мені тастап қалдың кетіп» деп бауырын Алтайға шақырған «Алыстағы бауырыма» атты өлеңі еріксіз еске түседі. Түркиялықтар Алтайға қайтпады, алайда түріктердің Атасы атанған Түріктің арқасында тәуелсіз ел болды. Мағжаның:

«Еріксіз ер түрікті ойға аларсың

Көкке асқан Хан Тәңірге қарай-қарай...» деп жырлаған өз елі де бүгін Түркия сынды тәуелсіздігін жариялады. Енді қазақ Тәңіртауға өз қайғы-қасіретімен, кіріптарлығымен емес, басын тік көтеріп, тәуелсіз ел болудың мақтанышымен және өжет мінезімен қарап отыр. Ол да «түркі әлемінің ақсақалы» мәртебесін иеленген Қазаққа қарыздар.

Халил АКЫНЖЫ

Түркі кеңесінің бұрынғы бас хатшысы

***

Мақала Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің көмегімен дайындалды

Соңғы жаңалықтар