Астана әкімі Ұлы дала даңғылындағы көпір қашан ашылатынын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Ұлы дала даңғылында орналасқан көпірде көлік қозғалысына қашан рұқсат берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дүйсенбі, яғни 8 тамызда Ұлы дала даңғылында орналасқан көпірде қозғалыс ашылады. Автомобиль көпірін салу бойынша негізгі жұмыс аяқталды. Осылайша көпір үстінде қозғалыс қайта ашылады. Ал көпірді абаттандыру, оның ішінде тротуар бөлігі бойынша соңғы жұмыстар жүргізіле беретін болады», - деп жазды әкім Instagram-дағы парақшасында.

Ұлы дала даңғылындағы көпір Мәңгілік ел даңғылындағы, А.Байтұрсынұлы, Р. Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелеріндегі, Nova city ауданы мен «Мыңжылдық» аллеясындағы көлік ағынын сейілтуге мүмкіндік береді, бұған қоса «Нұрлы жол» жаңа вокзалы, Тельман және Промышленный елді мекендері, МЕТРО гипермаркеті ауданы, Жұмабаев даңғылы, Жүргенов көшесі және тағы басқа аудандар арасында байланысты арттырады.

Қала басшысының мәліметінше, қазір сондай-ақ А62 көшесінің (А91 көшесінен Нұр-Сұлтан-Қарағанды трассасына дейінгі аралық) құрылысы жүріп жатыр. Бұл көше Қарағанды трассасы мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, сол сияқты қаланың сол жағалаудағы бөлігі арасында көлік байланысын қамтамасыз етеді.

«Бұл маңайда қозғалысты алдағы күзде ашуды жоспарлап отырмыз. Аталмыш көше аудандарды жаңа көпірмен жалғауға мүмкіндік береді», - деді А.Көлгінов.
Бұдан бөлек, көлік жүретін тағы бір көлік туралы айтылды.

«Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы тағы бір көпір келесі жылы ашылады. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылын, жаңа теміржол вокзалын, Қошқарбаев даңғылын, Нәжімеденов көшесін, Әзірет Сұлтан мешітін, Байтұрсынұлы, Қордай, Айнакөл көшелерін, Момышұлы даңғылын елорданың сол жағалауымен байланыстыратын болады», - деп жазды астана әкімі.



Соңғы жаңалықтар