Астана әкімі Тәуелсіздіктің 30 жылындағы басты оқиғаларды атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Тәуелсіздіктің 30 жылында болған ең маңызды оқиғалар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бойынша айтсақ, қала тарихындағы ең елеулі оқиғаның бірі - Елбасының ел астанасын ауыстыру шешімін атауға болатын шығар. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, қиын жылдарда Елбасы көп адамның қарсылығына қарамастан саяси шешім қабылдады. Қазір сол шешімі қаншалықты көрегендік болғанын көріп отырмыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Әкім ел астанасы Ақмолаға көшірілген кезде қалада 270-280 мың халық болса, қазір адам саны 1 млн 200 мыңға жеткенін атады.

«Астанамызда әлемдік деңгейдегі халықаралық шаралар өтіп тұрады. Мысалы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Яғни, халықаралық деңгейде мойындалды деуге болады. Әлемдік дәстүрлі діндердің сьезін де ұмытпайық. Қазақстан бейбітсүйгіш ел ретінде бейбіт шешімдер қабылдау үшін бас қосатын орын бола алатынын көрсетті. EXPO көрмесі сияқты халықаралық деңгейдегі шаралар мен стратегиялық маңызды шешімдерді ерекше атауға болады. Өзім өңірде жұмыс істеген кезде астанаға қарап бой түзеуге тырысатынбыз. Осы бағыттарды атауға болатын шығар», -деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар