Астана әкімі Елбасы ескертуінен кейін таң атпастан елорда нысандарын аралап шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы кеңсесінде халықаралық көрмеге дайындық, сонда-ақ елорданы дамыту жөніндегі мәселелер талқыланған жиында айтылған Мемлекет басшысының сын-ескертулеріне  орай таңсәріден қала нысандарын аралап, тексеріп шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Нақтылап айтар болсақ, қала басшысы тұрғын үй алаптарындағы құрылыс нысандарын аралап, құрылыс алаңдарындағы санитарлық және абаттандыру талаптарының орындалуы, көліктердің дөңгелектерін жуу және жуу орнынан көшеге дейінгі жол жабындысының болуын тексерді.
Аралау барысында қала әкімі осы мәселелерге жауапты мекемелердің жетекшілеріне абаттандыру мәселесін шешуге бір апта беріп, абаттандыру және санитарлық талаптарын сақтамағандарды ұдайы әрі қатаң жазалауды міндеттеді. Әкім қала аумағында құрылыс қалдықтарын үйіп қоюды жою және құрылыс алаңдарында қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинауға тыйым салуды талап етті.

Сондай-ақ әкім қаланың орталық және екінші деңгейлі көшелерін, қаланың үш ауданындағы тұрғын үй алаптары мен шағын аудандарды аралап, асфальт жабындысын, жолдың жай-күйін, ғимараттардың қасбеттері мен жаяу жүргінші жолдарын, жарық беру бағандарын, газондар мен жүргінші өтпелерін тексерді. Сонымен қатар, аула арасындағы жолдар, кез келген жерлерге қойылған көлік тұрақтары және паркингтер де назардан тыс қалмады.

Қала басшысы елордадағы нысандарды аралап шыққан соң, барлық көшелер мен аулалар тазалық пен тәртіп талаптарына сай болуы, әрі тұрғындар үшін қауіпсіз болуы керектігін атап өтті.

Жауапты қызметтердің басшыларына қарата айтқан сөзінде әкім барлық қоғамдық нысандардың жағдайының дұрыс болуын күн сайын қадағалап отыруы керектігін талап етті. Қала басшысы талаптар орындалмаған жағдайда жетекшілерді ғана емес сол учаскеге жауапты бағынысты қызметкерлердің де қатаң жауапқа тартылатындығын ескерті. Ескертпелер жеткіліксіз орындалған жағдайда жауапты ұйымдарға қатаң әкімшілік шаралар қолданылады, деп атап өтті елорда әкімі. 

Соңғы жаңалықтар