Астана әкімдігінде бір бос орынға 6 үміткер таласады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігінде жергілікті атқарушы органдардың басшылық құрамы мемлекеттік органдардағы факторлық-балдық шкала бойынша еңбекақы төлеу жүйесін енгізу мәселесі бойынша семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астана әкімі аппарат басшысының орынбасары Руслан Тайгеннің айтуынша, қаладағы ең үлкен жүктеме - әкімдік қызметкерлерінің мойнында. Нақты халық санын есептеу бойынша бір мемлекеттік қызметкерге 1275 адамнан келеді. Ал аймақтарда - 600 адамнан. Мысалы, 2008 жылы Астана қаласы тұрғындарының саны - 600 мың, ал әкімдік қызметкерлерінің саны - 1043 еді. Ал қазір қала халқының саны - 1,1 млн, әкімдік қызметкерлерінің саны - 941 бірлік. Осылайша соңғы 10 жылда бір мемлекеттік қызметкердің жүктемесі 3 есеге артқан.

«Біз Елбасының мемлекеттік басқарудың тиімді тетігін құру жөнінде берген тапсырмасын орындау үшін құрылымдық бөлімшелерге мұқият функционалдық талдау жүргіздік. Соның нәтижесінде әкімдік құрылымдарының жұмыс тиімділігін төмендетіп тұрған бірқатар проблемалық мәселелердің бары анықталды. Әкімдікте трансформация жүргізу арқылы, ішкі бөлу есебінен, бейінді бөлімдер қызметкерлерінің үлес саны 57-ден 80%-ға дейін өсті. Бұл мамандардың жүктемесін 6,3% - ға төмендетуге мүмкіндік берді», - деп атап өтті аппарат басшысының орынбасары Руслан Тайген.

Сонымен қатар, бизнес-процестердің санын оңтайландыру және цифрлау қалалық басқармалардың санын 26-дан 17-ге дейін және басшылық құрамды екі есе қысқартуға мүмкіндік берген. Бұл ретте еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді, енді қызметкерлердің жалақысы олардың жүктемесіне байланысты. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгелі бос лауазымдарға орналасуға ниетті кандидаттардың саны артқан. Мысалы, жыл басынан бері 160 бос жұмыс орнына 950 өтініш келіп түскен. Яғни бір бос жұмыс орнына 6 кандидаттан келеді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Бұл ретте, үміткерлердің сапалық құрамы жақсарған. Әкімдіктегі Мемлекеттік қызметке шетелдік жоғары оқу орнын тәмамдаған 15 түлек, ал квазимемлекеттік сектор топ-менеджментінен 10 қызметкер қабылданды.  

«Біз мемлекеттік сатып алуды орталықтандырдық (бұрын әр басқармада өзінің мемлекеттік сатып алуы болатын). 2018 жылдың сегіз айында біз шамамен 17 млрд теңге үнемдедік. Әкімшілік шығыстарға байланысты қала тұрғындары жақсы біледі, елорда әкімдігі қыркүйек айынан бастап таксопарк қызметіне көшті. Автокөлік сатып алудан бас тартып такси қызметіне жүгіну 5 жыл ішінде шамамен 1,5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үнемделген қаражатты әкімдіктің әлеуметтік бастамаларын іске асыруға бағыттаймыз», - дейді Р. Тайген.

Негізінен қаражат 1-4 сынып оқушыларын ас-сумен қамту, жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерге мемлекеттік тапсырыс беру өсімін 8 мың балаға арттыру, сирек кездесетін ауруға шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесін кеңейтуге жұмсалады. Бұдан басқа, мемлекет есебінен мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары мен қамқоршыларына жол жүру үшін жеңілдік берілген. Сондай-ақ, бұл қаражатқа 10 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар