Астана әкімдігі жолақы мәселесі бойынша тұрғындарды қоғамдық кеңеске шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Қоғамдық кеңесі автомобильді тасымал тарифтеріне қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап. 

Аталған жиын 27 маусым күні 10.00-де қалалық мәслихаттың мәжіліс залында өтеді.

«Астана қаласының Қоғамдық Кеңесі «Астана қаласы бойынша қалалық және қала маңы қатынастарында жолаушылар мен багажды тұрақты автомобиль көлігімен тасымалдау тарифтерінің кейбір мәселелері туралы» тақырыбында қоғамдық тыңдау өткізеді. Қоғамдық тыңдауға қатысқысы келетін бұқаралық ақпарат құралдары мен тұрғындар  26 маусым, сағат 14.00-ге дейін тіркелуі тиіс», - делінген Астана әкімдігінің ресми хабарламасында.

Айта кетейік, Астана автобустарындағы жолақыны көтеру бастамасы мамыр айында көтерілген болатын.

Атап айтқанда, «Astra Plat» электронды төлем картасы бойынша жолақы бағасын - 120 теңгеге, ал қолма-қол ақшамен 170-200 теңгеге дейін арттыру жоспарланған.

«Жалпы, жол жүру бағасын көтерудің басты факторы дизельдік отын бағасының 40 пайызға, қажетті құрал-жабдықтардың бағасы 2014 жылмен салыстырғанда 1,5-2 есеге (сол кезде баға 90 теңге болып бекітілген) қымбаттауы болып отыр. Бұған қоса автобус парктері қызметкерлерінің айлық төлемақы деңгейін арттыру қажеттілігінің де әсері бар. Қазіргі тариф бойынша оны жүзеге асыру мүмкін емес», - дейді «Астана LRT» басшысы Бекмырза Игенбердинов.

Соңғы жаңалықтар