Астана әкімдігі жауапсыз мердігерлермен келісімшартты бұзды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі Астанадағы жол құрылысына қатысты өз міндеттемелерін дұрыс атқармаған компаниялармен келісімшартты бұзды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап. 

Астана әкімдігі жол құрылысына байланысты жауапсыз мердігерлердің мәселесін шешті. Естеріңізге сала кетейік, мамыр айында Әсет Исекешев автомобиль жолдарының құрылысын аралап шығып, тексеру барысында өкілетті органдарға өз міндетін атқармаған жағдайда мердігерлермен келісімшартты бұзуды тапсырған болатын. 

Сонымен, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа көше құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысқан мердігерлерді жосықсыз деп тану туралы және келісімшартты бұзу үшін бес талап-арыз берілді. Оның ішінде үш мекемемен келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданды.  

Олар:  «DM Infrastructure» ЖШС (Ә. Жангелдин көшесінің Күмісбеков пен Ш. Бейсекова көшелері аралығында мердігерлік құрылыс жұмыстарын жүргізген), «SCC Company» ЖШС (Е10, Е30 Е15 және Е25 учаскесіндегі көше құрылысы), «Техстройсервис» ЖШС (Түркістан көшесінде № 23 - № 30 көшелер аралығында  (Керей-Жәнібек хандар көшесіннен № 27 көшеге дейінгі аралық) мердігерлік құрылыс жұмыстарын жүргізген).

Мердігер ұйымдардың алдында автожол объектілерін салу міндеті тұрды, яғни мықты транспорттық тірек қалыптастыратын магистральдік көшелерді салу талап етілді. Олар өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар нысандарды ғана емес, инженерлік желілер мен кіре берістерді де қамтамасыз етіп, транспорт жүктемесін алып тастауда үлкен рөль атқаруы керек болатын. 

Биыл Астанада ұзақтығы 20,8 км 22 жаңа көшенің құрылысы мен ұзақтығы 61,15 км 91 көшені жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, қазіргі таңда өкілетті органдар автожол объектілерінің құрылысы бойынша өз міндетін жеткілікті атқармаған жауапсыз ұйымдарды анықтау және тексеру жұмыстарын жалғастыруда. Келісімшарт бойынша өз міндетін атқармаған фактісі расталса, ол компаниялар жосықсыз жеткізушілер тізіміне енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар