Астана әкімдігі тұрғындарды демалыс күндері қала сыртына шықпауға шақырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Синоптиктердің болжамынша, демалыс күндері елордада қарлы боран, көктайғақ болады және температура төмендейді. Құтқарушылар тұрғындардан қала сыртына шықпауды сұрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, 26 және 27 қарашада Астанада ауа температурасы күндіз - 22-24 аяз, түнде -30 -32 градусқа дейін төмендейді.

Бүгін, 25 қарашада қалада қарлы боран, қатты жауын-шашын және екпінді жел бар.

Ауа райының нашарлауына, көріністің шектелуіне, ауа температурасының төмендеуіне байланысты Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын күн райының өзгеруі және енгізілген шектеулер туралы метеорологиялық қорытындыларды (оның ішінде Darmen қосымшасы арқылы) қадағалауға, қала шетіне шықпай, сақ болуға шақырады.

Төтенше жағдай туындағанда «112» телефонына қоңырау шалу керек.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең елорда көшелерінің қарын күреуге 2,5 мыңға жуық жұмысшы шығып, 1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған.


Фото:gov.kz

Соңғы жаңалықтар