Астана әкімдігі мыңнан астам үйдің газ құбырын тексереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мыңға жуық тұрғын үйдің газ толтыру құбырлары тексеріледі. Бұл туралы Астана қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы көтерме құрылғыларды бақылау және газ инспекциясы бөлімінің жетекшісі Мақсат Абылов хабарлады.

«Елорда әкімдігі коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың ішкі газбен қамту жүйелерін тексеруді бастады. Бүгінде Астанада орталықтандырылған газбен қамту жұмыстары 1400 резервуар арқылы жүзеге асуда. 1080 көппәтерлі үйде 80 мыңнан астам пәтер газ тұтынады. Бір айда сарапшылар ұйымы мен Астананың тәуелсіз газ мамандары қауымдастығын тартып, барлық газ беру орындары тексеріледі», - деді Мақсат Абылов.

Оның айтуынша, тексеру жұмыстарынан кейін табылған ақауларды жөндеу туралы пәтер иелері кооперативіне нұсқау беріледі. Бұл ретте ақауларды тұрғындардың өзі реттеуі тиіс, себебі заңнамаға сәйкес, подъезд ішіндегі газ құбырлары ортақ пайдалануға берілген инженерлік жүйелер болып саналады.

«Әзірге әкімшілік шара қолданбайтын тексеру жүргізудеміз. Сұйытылған газды қолдануда туындайтын төтенше жағдайдың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қаңтар айында ең алдымен подъезд ішіндегі газ құбырлары тексеріледі. Кейінірек резервуарлық қондырғылар - 1400 жерасты резервуарын қамтитын 340 газгольдер назарға алынады», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Астана әкімі Бақыт Сұлтанов ТЖ департаментіне қаладағы барлық газ толтыру станцияларын тексеруді тапсырды.

Еске сала кетсек, 2 қаңтарда кешке Ақжол көшесі, 26 мекен-жайы бойынша орналасқан жеке газ толтыру станциясы аумағында сыйымдылығы 5 текше метрді құрайтын цистерна өртенген болатын. Осының салдарынан станция маңындағы қойманың шатыры бүлініп, жатақхана терезелері сынған. Сонымен бірге, 26 желтоқсанда қаладағы тұрғын үйлердің бірінде газгольдер жанған болатын.

«Әріптестер, 31 желтоқсанда Магнитогорск қаласында 10 қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылғанын білесіздер. Адамдар қайтыс болды. Осындай жағдайдың алдын алу мақсатында ТЖД-не, индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментіне аталған жағдайларға байланысты тексеріс жүргізіп, қаладағы барлық газ құю станцияларын тексеруді тапсырамын. Оның нәтижесі бойынша маған есеп беретін боласыздар»,- деді Бақыт Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар