Астана әкімдігі ботаникалық бақта қырылған балыққа қатысты түсінік берді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан ботаникалық бағында балық өсірілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, кеше әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан ботаникалық бағындағы су қоймасында қырылған балықтың суреттері тараған еді.

Қала тұрғындары балықтың жаппай қырылуына байланысты жергілікті биліктің шара қолдануын талап етті.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, ботаникалық бақтағы тоған қолдан жасалған және тек суару жүйесінің, субұрқақтың қызметін атқарады.

«Есіл ауданының әкімдігі жасанды су айдынында балық өсірмейді, өйткені бұл су айдыны балықтардың тіршілігіне арналмаған. Балық шабақтары тоғанға табиғи жолмен Нұра арнасы арқылы кірген болуы мүмкін, ол жерден тоғанға су келеді. Резервуардың тереңдігі - 0,5 м-ден 3,5 м-ге дейін. Күн суыта бастаған кезде резервуар түбіне дейін толығымен қатып қалады. Тоған жасанды болғандықтан қыста ойықтар көмектеспейді, өйткені ол балықтың өмір сүруіне арналмаған» деп хабарлады әкімдік.

Күн жылынғаннан кейін аудан әкімдігі су қоймасын тазарту жұмыстарын жүргізеді.


Соңғы жаңалықтар