Астана әкімдігі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған «айналым» схемасына 14 млрд теңге бөлді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана әкімдігі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған «айналым» схемасына 14 млрд теңге бөлді. Бұл жөнінде қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев баспасөз конференцияда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы инвестициялық сомасы 9,8 млрд теңге болатын 2 базар салынып жатыр. Бұдан бөлек айналым механизмі қолға алынған. Оның аясында бюджеттен 14 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түрі бойынша 35 мың тонна көлемінде келісімшарт жасалды. Қолданыстағы шарттар бойынша бүгінгі таңда 10 мың тонна көкөніс қоры бар. Бұл көлем қаланы қамтамасыз ету үшін жеткілікті», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Әкімдік өкілі қала тұрғындарының қантқа деген сұранысы қалай қанағаттандырылатынын да айтты.

«Елорданы қантпен қамтамасыз ету үшін Меркі зауытымен (Жамбыл облысы – ред.) көлемі 3,5 тонна қант жеткізу шартына қол қойылды. Сондай-ақ, Азық-түлік корпорациясы арқылы бірінші сұрыптағы ұнды арзандатылған бағамен жеткізу үшін 5300 тонна астық жеткізу туралы меморандум жасалды.

Жәрмеңкелер тұрақты өтіп келеді. Оның бірі Сауран-7, екіншісі Қосшығұлұлы-14 мекенжайы бойынша орналасқан. Өңірлік тауар өндірушілер ұсынатын өнімдердің бәрі нарық бағасынан 10-15 пайыз арзанға сатылып жатыр», - деді Мақсат Жаңабаев.


Соңғы жаңалықтар