Астана әкімдігі арзанға сатылған ат спорты клубына қатысты түсінік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы әкімінің қаржы жөніндегі орынбасары Андрей Лукин арнайы баспасөз мәслиxатын өткізіп, 200 мың теңгеге сатылған «Астана» көкпар ат спорты клубы бойынша түсініктеме берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» көкпар клубы Бауыржан Шәріп деген жеке кәсіпкерге сатылды. Ол клубтың қызмет көрсету түрін, сондай-ақ жұмысшылар штатын сақтауға уәде берді. Біз келісімнің жобасын әзірледік. Кәсіпкер өз иелігінде Талапкер кентіне жақын бір ат зауытының бар екенін жеткізді. Екіншісі Новоишимка жақта орналасқан. Сондықтан ол клубтың профилін толығымен сақтай алады. Сондай-ақ ол клуб басшысын өзіне жұмысқа шақырып отыр. Барлық бапкерлерді де жұмысқа аламын деп отыр. Бір ғана мәселе, ол басқарушы әкімшілік штатын әлі де қарастыратын болады», - дейді А.Лукин.

Оның айтуынша, әкімдік өз кезегінде әлеуметтік-жеке меншік серіктестік аясында клубты сатып алған кәсіпкерге субсидия бөліп отыратын болады. Сондықтан әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалар үшін ат спорты бойынша тегін сабақтар сақталады.
Ал аукционның өткізу тәртібін тексерген қалалық прокуратура ешқандай құқық бұзушылық таппады. Себебі алғашқыда екі рет жарияланған сауда-саттық кезінде «Астана» көкпар клубының бағасы 41 млн. теңге көлемінде көрсетілген. Артынан сатып алушы табылмағаннан кейін оны голландиялық әдіспен, яғни бағаны төмендету арқылы сату туралы шешім қабылданды. Сол кезде оны жеке кәсіпкер Б.Шәріп сатып алды.  

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Астана» көкпар клубы» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының аукцион арқылы жекеменшікке сатылды. Голландиялық әдіспен сауда-саттыққа салынған клубтың меншігінде асыл тұқымды 11 ат, қызметтік көліктер, инфрақұрылым, тұрғын-жайлар мен ат әбзелдері болған. Соның барлығын бір адамға 200-ақ мың теңгеге сатылған.

Таңғаларлық аукционның өткенін тіпті клуб басшылығы да білмей қалған. Аталған нысанның әлеуметтік маңыздылығы сол, оның жанында ат өнеріне үйренетін мектеп болған. Онда 140-қа жуық бала дәріс алып жүрді. Осы уақытқа дейін мектептің қол жеткізген жетістіктері де аз емес. 

«Астанадағы коммуналдық мүлік пен мемлекеттік сатып алулар басқармасы ат спорты клубын аукционға салып, сатып жіберіпті. Үш аукцион өткен. Үшіншісін голландиялық әдіспен, яғни бағаны төмендету арқылы 198 700 теңгеге белгісіз біреуге сата салыпты. Сонда бір атты 20 мың теңгеден бағалаған екен. Ал негізінде ол асыл тұқымды аттардың нарықтағы бағасы жүз есе қымбат. Біреуі 5 мың доллар тұрады. Аты тұрмақ бір ертоқымның өзі 350 мың теңге болатын. Мұның сыртында қызметтік көліктер сияқты мүліктер тағы бар», - дейді «Тұлпар» ипподромы директорының орынбасары Болат Шалабаев «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында.

Кеше Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев коммуналдық мүлік нысандарын бәсекелестік ортаға беру мәселелері бойынша кеңес өткізіп, аталмыш аукцион материалдарын прокурорлық тексеріске жіберуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар