Астана әкімдігі 30 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын үнемдеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы Астана қаласының әкімдігі трансформациялау жүйесі арқылы 27,6 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алқасының кеңейтілген отырысында айтты.

Әкім Елбасының мемлекеттік басқарудың тиімді тетігін құру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін құрылымдық бөлімшелерге мұқият функционалдық талдау жүргізгенін атап өтті. Соның нәтижесінде әкімдікте трансформация жүргізіліп, бизнес-процестерді оңтайландыру және мемлекеттік қызметті цифрландыру шаралары қабылданған.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша басқару персоналын қысқарту арқылы - 151 млн теңге, ведомстволық көліктен бас тартып, таксомоторлық қызмет көрсету арқылы - 163,5 млн теңге, жобаларды қаржыландыру шартын қайта қараудан - 3,3 млрд теңге, жаңа денсаулық сақтау нысандарын салудан бас тартып, сервистік модельге көшу арқылы («Жағалау» нысаны бойынша) - 1,9 млрлд теңге және мемлекеттік сатып алуда 22,1 млрд теңге үнемделді. Жалпы алғанда, 2018 жылы 27,6 млрд теңге үнемделді және қызмет көрсету үшін коммуналдық меншікке 200 млрд теңгеден асатын нысан қабылданды. 2023 жылға дейін мемлекеттік сатып алуларды қоспағанда, шамамен 26,4 млрд теңге үнемделуі тиіс және қызмет көрсету үшін 400 млрд теңгеге нысан қабылданады», - деді қала басшысы.

Оның айтуынша, соңғы 10 жылда Астана халқы екі есеге өсті, ал әкімдіктің штаттық саны 10 процентке қысқарды. Елордада бір әкімдік қызметкеріне 1275 тұрғыннан келеді. Бұл көрсеткіш өзге өңірлермен салыстырғанда 4 есеге көп.

Соңғы жаңалықтар