Астана агломерациясы оған жақын орналасқан елді мекендердің дамуына серпін береді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Астана агломерациясы оған жақын орналасқан елді мекендердің дамуына  серпін береді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеев мәлім етті.

Аудан əкімінің сөзінше, өткен жылдың қараша айында Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдігінің арасында Елорда агломерациясын дамыту бойынша біріккен жұмыстар туралы екіжақты меморандумға қол қойылды.

«Астана агломерациясы құрамына орталығы Астана қаласы мен Ақмола облысының 123 елді мекені еніп отыр. Оның ішінде Қосшы, Қоянды, Талапкер, Қараөткел ауылдары сияқты 7 елді мекенмен бірге 4 селолық округ Целиноград ауданында орналасқан. Астана агломерациясы Астана қаласына жақын орналасқан Целиноград ауданының  дамуына серпін беретіні сөзсіз.  Осы ретте, ауданымызда  жаңа жұмыс орындарын көптеп ашып, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымды дамыту көзделген. Оған қоса, бәсекеге қабілетті және тұрғындардың өмір сүру сапасы жоғары көпфункционалды аумақ құруға бағытталған», - деді аудан әкімі брифингте.

Сонымен қатар, Мәлғаждар Тәткеев Астана агломерациясына кіретін елді мекендерді сапалы ауыз сумен, электрмен және жолмен қамтамасыз ету бағытында қолға алынған жобалармен таныстырды. Бұл бағыттағы жұмыс елордамыздың 20 жылдығы қарсаңында айрықша өзекті болып отыр.

Спикер арнайы слайдтар арқылы Қосшы, Тайтөбе, Қоянды, Талапкер, Қажымұқан, Қараөткел және Қаражар ауылдарындағы қолға алынған істерге сипаттама берді. Аталған елді мекендердің барлығында тұрғындар саны еселеп артып келеді. Бұл ұмтылысты түсінуге болады. Сондықтан, атқарылған және жоспарланған жұмыс ауқымы кеңейе түсуде. Мемлекет пен облыс басшылығының агломерациялық аймақты дамыту туралы кезеңдік жоспарында белгіленген міндеттер арнайы кестеге сай жүзеге асырылуда. Барлық ауылдарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдени-тұрмыстық нысандар жұмыс істеп тұр.

Қосшы кентінде, бұрынғыларына қосымша, 1,8 миллиард теңгенің 200 шақырымдық электр желісі тартылды. Мұның қызметін 1216 абонент пайдалануда. Ауыл тұрғындарының саны соңғы 2-3 жылда екі есе өсіп, 40 мың адамға жетуі 2010 жылы салынған 6 су қайнарының қуатын арттыруды талап етуде. Осыған орай, жаңа жобада 2 миллиард теңгенің 14 су қайнарын пайдалануға көзделген.

Қояндыда ауыл ішілік 154 шақырымдық жол салынған. Қараөткел ауылында агломерациялық дамудық кешенді жоспарына сәйкес, құны 1,2 миллиард теңгенің электр желілері тартылып, биыл мұнда 280 орындық, Қаражар ауылында 140 орындық балалар бақшасы пайдалануға берілмек.

Аудан әкімі Астана қаласымен ынтымақтастық жайын айта келіп, «ЭКСПО-2017» нысандарындағы жабдықтарды пайдаланудың мүмкіндігі туғанын атап өтті. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы, коммуникациялар, жұмыспен қамту, үлескерлер мәселесі, Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету, табиғи апаттардың алдын алу жайлы кеңінен баяндады.

Соңғы жаңалықтар