«Астана АЭК» желтоқсанға қате есептелген түбіртектерді қайта есептеуге уәде беріп отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Астана-АЭК» басқарма төрағасының сату жөніндегі орынбасары Ғабидолла Қожабаев желтоқсан айы үшін қате есептеліп кеткен электр ақысы төлемін автоматты түрде қайта есептеуге уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана АЭК» акционерлік қоғамының ресми мәліметі бойынша екі кәсіпорынның деректері екі түрлі болуынан қате кеткен.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС электр қуатын есептеу құралындағы көрсеткіштерді 20-25 желтоқсанда алды. Ал «Астана-АЭК» 20-30 желтоқсанда алды. Соның салдарынан 2022 жылдың желтоқсан айындағы төлемақы 30-25 күнтізбе күніне шығып кеткен.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС кейбір тұтынушылардың есептеу құралындағы көрсеткішін шартты түрде есепке алған. «Астана-АЭК»-ке көшкеннен кейін есептеу құралындағы көрсеткіштер нақты жағдай бойынша есептелді», - делінген мәліметте.

Аталған айырмашылықтар талданып, кейін артық төленіп кеткен сома алдағы айдың төлемдеріне аударылады. Бұл мәселе бойынша «Астана АЭК» АҚ-тің Абай көшесі-80 мекенжайындағы кеңсесінде тұтынушыларға 20 маман қызмет көрсетеді.

Дегенмен, Ғабидулла Қожабаев аталған мекенжайға бару міндетті емес екенін айтады.

«Біз «Астанаэнергосбыт» кәсіпорнымен бірлесіп, әрбір шотты екі мәрте тексереміз. Одан кейін «Астанаэнергосбыттың» деректері базасы негізінде үйлерді аралап, есептеу аспаптарының көрсеткіштерін түсіреміз. Ол көрсеткіштер «Астанаэнергосбыттың» бізге берген көрсеткіштерімен сәйкес келмей қалды. Ондағы көрсеткіштер аз шыққан. Ал іс жүзінде көрсеткіштер көп болып тұр. Сондықтан біз есепке алынбаған көрсеткіштер қосып есептейміз.

Тұтынушының көкейінде сұрақ туындауы мүмкін. Олар төлеп қойған болса, «Астанаэнергосбыт» қайта есептеуге дайын. Біз есептеу мұрағатын негізге аламыз. Көрсеткіштерді базаға енгізіп, әріптестерімізге жолдаймыз. Тұтынушыларды «Астанаэнергосбыт» кеңсесіне жолдап жатқан жоқпыз. Ондағы әріптестерімізбен байланысып, мәселені осы жерде шешеміз. Қажет болса өз базамызға да түзету енгіземіз немесе «Астанаэнергосбыт» өзінде түзету жасайды», - деп түсіндірді Ғабидулла Қожабаев.

Ал тұтынған электр қуаты дұрыс есептелгеніне көз жеткізгісі келген астаналықтар «Астана АЭК» кәсіпорнына өз дербес шотын көрсетіп, өтініш жазу керек.

«Өтінішті суретке түсіріп, «Астана АЭК»-нің электронды поштасына жолдауға болады. Біз бұл өтінішті пысықтап, келесі айдың есебінде түзетеміз. Егер келесі айда түзету байқалмаса, бізге жүгінуге негіз болады», - деді кәсіпорын өкілі.


Соңғы жаңалықтар