Астана 40 градус аяздарға қалай дайындалып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық энергетиктер аязға байланысты тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшті. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімінің баспасөз хатшысы Астанада энергетикалық кешеннің алдағы қатты аязға дайындығы тексерілгендігін, сондай-ақ  олардың тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшкендігін айтты.

«Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасымен бұл іске жауапты басшылар күннің суытуына орай энергетикалық кешеннің дайындығын тексеру мақсатында жиналыс өткізді. 
Атап өтсек, қаланы электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған қосалқы станциялар, соның ішінде «Шұбар» станциясы, «Астана РЭК» АҚ орталық диспетчерлік бөлімшесі электр жүйесінің жұмысы тексерілді. 
Жиында энергетикалық кешендердің басшылары аязға дайындық жұмыстарының барысы туралы баяндады. Күн тәртібіне тәулік бойы кезекшілік қою, электр жүйелерінің жұмысын 10 пайызға, жедел бригада жұмысын екі есеге арттыру тұр. 
Сондай-ақ аяз кезінде жауапты мамандар мен тәулік бойы кезекшілік ететіндердің жұмыс кестесі жасалынып, жылу станцияларын құру тапсырылған ЖЭО-2 -нің дайындығы да тексерілді. Қазіргі уақытта 30 тәулікке жететін көмір қоры мен 15 күнге жететін мазут отыны бар», - деп жазады ол Фейсбуктегі парақшасында.

Еске сала кетейік, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев алдағы күндері температураның төмендеуіне байланысты қала тұрғындарын қауіпсіздік шараларына назар аударуға шақырғандығы туралы бұған дейін жазған болатынбыз. 

Қазгидромет таратқан мәліметтерге қарағанда, 22 қаңтардан бастап, әсіресе 23-26 қаңтар аралығында ауа-райы күрт суытып, ауа температурасы -35 - 40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар