Әскерилер, дәрігерлер мен еріктілер: Президент Арысты қалпына келтіргендерді марапаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыстан кейінгі Арыс қаласын қалпына келтіруге қатысқан әскерилерге, дәрігерлерге, тәрбиешілер мен еріктілерге мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарылыста еңбек еткен әскерилер, еріктілер, балабақша қызметкерлері (жалпы 40 адам) ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен, медицина қызметкерлері – «Шапағат» медалімен марапатталды.

«Арыстағы трагедия жергілікті мыңдаған отбасын бір сәтте баспанасыз қалдырды. Әскери оқ-дәрілердің жарылысынан ғимараттар мен үйлердің 90% нұқсан келді. Әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шапшаңдығы мен батылдығы алғашқы минуттарда-ақ халықты эвакуациялауға мүмкіндік берді. Сол сәтте жаңа жарылыс қаупінен қорықпаған батырлар арамызда отыр», - деді Президент.


Мысал ретінде Президент аға сержант Нұржан Бақтыбаевты атап өтті. Оның өрт салдарын жоюдағы табандылығы адамдарды жаңа қауіп-қатерден сақтап қалды.

«Енді бізге осындай ондаған оқиға белгілі. Жігіттердің әрқайсысы батырлық, беріктік пен ерлік көрсетті. Сол күні Арысқа ұшып барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, оқиғаның ауқымын өз көзіммен көрдім. Жауапты құрылымдарға халықты уақытша жайғастыруға, тез арада құрылысты бастауға тапсырма бердім. Оқиға ешкімді бей-жай қалдырмады. Арысты бүкіл ел болып қалпына келтірдік. Қазақстанның әрбір азаматы өз үлесін қосты. Тұрғындар, кәсіпкерлер, еріктілер Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналды», - деді ол.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Арысқа барған еріктілерді «Құрмет» орденімен марапаттады.

«Қарағандылық Евгений Хисметов жүздеген еріктілермен бірге 50 күн гуманитарлық көмек таратудан бастап, құрылыс жұмыстарына қатысты. Қаланы қалпына келтіруге айрықша үлес қосты. Кәсіпкер Берік Қаниевтің жеке қаражатына қала көшелері жөнделді. Мұндай патриоттық үлгісі өте көп. Осындай жарқын мысалдар мен өзара көмек арқылы жастарды тәрбиелеуіміз керек», - деді Қ. Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Арысты қалпына келтіруге 10 мың адам, 250 компания және 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта нысандардың 97% жөндеу жұмыстары аяқталды.



Соңғы жаңалықтар