ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ-2022

Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Каспийдегі әскери нысандардың қызметін тексерді

2022 жылғы 30 қыркүйек, 03:00
Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Каспийдегі әскери нысандардың қызметін тексерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әскери-теңіз күштерінің кемелері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжановтың басшылығымен өткізілген жиын-жорықтан оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жорық барысында «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық корабльдері мен «Жайық» гидрографиялық кемесі экипаждардың үйлесімін жетілдіруге бағытталған іс-қимылдар пысықталды.

«Жиын-жорық – бұл командирлер мен басқару органдарының тактикалық даярлығын жетілдіру, кемелер экипаждарының жауынгерлік әзірлігін бағалауға арналған қорытынды іс-шара.

Тактикалық оқу-жаттығу барысында Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы өзара іс-қимыл жасауды, күштер мен құралдарды басқаруды, оларды жауынгерлік, моральдық-психологиялық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыруды пысықтады», – деп түсіндірді әртекті кемелер дивизионының штаб бастығы 3 дәрежелі капитан Мұрат Баймұханов.

Әскери-теңіз күштерінің оқу жылындағы жауынгерлік дайындығының соңғы кезеңінің ерекшелігі таяз суда жүзу болды.

Навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу міндеттерін орындау үшін кеме командирлері мен өзге де мамандар теңіз маневрлерінің ауданын зерделеді. Сонымен қатар желдің басым бағытына, ағысқа және көрінуіне байланысты гидрометеорологиялық жағдайларға ерекше назар аударылды.

Экипаждар күндізгі, түнгі уақытта әуе, теңіз нысаналары мен жүзбелі мина бойынша жауынгерлік жаттығуларды орындады.

Кемелерді бірлесіп маневрлеу бойынша корабльдік жауынгерлік оқу-жаттығуларын өткізді. Күрделі гидрометеорологиялық жағдайларда теңізден өту мәселелерін пысықтады.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar