Әскери оқу орындарына оқу тәртібі өзгеруі мүмкін

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындарына студент қабылдаудың тәртібін өзгерту туралы бұйрық жобасы көпшілік талқылауына қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең әуелі әскери оқу орнына құжат тапсыру мерзімі біріздендірілмек. Бұған дейін ол мерзімді Қорғаныс министрлiгiнiң әскери бiлiм беру мәселелерi жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесi жоспарлайтын. Ал енді ресми түрде әр жылдың 1 наурызына дейін деп бекітілмек.

Бұйрықтағы өзгерістің ең негізгісі – жоғары оқу орнын, ЖОО-дан кейінгі оқуды бітірген адамдарға әскери оқуға ҰБТ тапсырмай-ақ құжат тапсыру мүмкіндік беру жеңілдігі.

Мұндай жеңілдікті әскери колледждердің жақсы және үздік оқыған түлектеріне де беру ұсынылып отыр. Ол үшін болашақ түлек оқу бітіретін жылдың 1 сәуіріне дейін өздері оқитын білім беру ұйымы басшысының атына тиісті хаттамамен өтініш беруі керек.

Сондай-ақ әскери колледждердің түлектері қорытынды аттестаттаудан өтсе, колледжде алған біліміне сәйкес мамандықтар бойынша әскери институттарға түсе алады.

Бұйрыққа жедел-тактикалық деңгейдегі магистратура және докторантура ұғымдары енгізілмек. Бұл ең үлкен басқарушылық тәжірибесі бар офицерлерді оқытуға мүмкіндік бермек.

Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында 14 желтоқсанға дейін көпшіліктің талықлауына ұсынылып отыр.


Соңғы жаңалықтар