Әскери мектеп курсанттары ауыр сырқаты бар балаларға қан тапсырды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебі Алматы филиалының тәрбиеленушілері ауыр сырқаты бар балаларға өз еркімен қан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өмір сүруге үміт сыйла» акциясын әскери-техникалық мектептің ұжымы ұйымдастырған. Оған 19 курсант қатысып, медициналық тексеруден өткеннен кейін 7 500 миллилитрден астам қан тапсырды.

«Донор болу – азаматтық парызым. Оның тіпті денсаулыққа да пайдасы зор. Денсаулығым жақсы, салауатты өмір салтын ұстанамын. Дұрыс тамақтануға тырысамын. Егер мен тапсырған қан біреудің өмірін аман алып қалуға жараса, мен оған шын жүректен қуанамын», – деді мектептің курсанты Жарымхан Дастан.

Министрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, осындай игі істер әскери-техникалық мектептің дәстүріне айналған. Донорлық қан тапсыруға жүйелі қатысудан басқа мектеп тәрбиеленушілері ардагерлерге қамқорлық жасау және әскерге шақырылатын жастармен кездесулер өткізіп тұрады.

«Тәрбиеленушілердің бастамасы бойынша оқу жылының басында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат оқушыларына көмек көрсетілді, сондай-ақ оқу орнының аумағы абаттандырылды. Бұл акцияға әскери-техникалық мектептің 30-дан астам курсанты қатысты», - делінген хабарламада.



Соңғы жаңалықтар