Әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері бойынша миллиардтаған берешек жиналған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әскери қызметшілерге арналған тұрғын үй төлемдерінің қолданыстағы үлгісіне мұқият талдау жүргізу қажет. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Нұржан Нұрсипатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздің назарыңызды әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері бойынша берешектің жыл сайынғы өсуіне, оның ішінде қолданыстағы тұрғын үй төлемдерінің үлгісінде орын алған кемшіліктерге байланысты мәселеге аударғым келеді. Өзіңіз білетіндей, 2018 жылдан бастап әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа үлгісі енгізілді. ҚР Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша аталған үлгі енгізілген сәттен бастап осы мақсаттарға көзделген қаражат көлемі 57 пайызға өсті және тұрақты өсу үрдісінде, оның ішінде тұрғын үйге мұқтаж деп танылған тұлғалар санының артуы себеп болды. Бұл, әрине, республикалық бюджетке қосымша жүк болып түседі. Мысалы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 2019 жылғы 1 мамырдағы мәліметіне сай, тұрғын үй төлемдері бойынша берешек 2,4 млрд теңгені құрады. Оған өткен жылғы 1,5 млрд теңге сомасындағы қарыздар да кірді», - деді сенатор ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, тұрғын үй төлемдері бойынша ұқсас жағдай Шекара қызметінде де байқалады.

Сенатордың пайымынша, бұл мәселе кешенді шешімді талап етеді. Атап айтқанда, республикалық бюджет шығыстарының объективті болжамы көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін тұрғын үй төлемдерінің қолданыстағы үлгісіне мұқият талдау жүргізу қажет.

«Оның ішінде отбасының әрбір мүшесіне жиынтық табысты ескере отырып, тұрғын үйге шын мәнінде мұқтаж қызметкерлер мен әскери қызметшілерді анықтау керек», - деді Нұрсипатов.

Сонымен қатар депутаттық сауалда мемлекет есебінен өзінің және отбасы мүшелерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға бірнеше рет әрекет жасауды болдырмау; әскери қызметшілерге, оның ішінде шын мәнінде мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген және жабық әскери қалашықта нақты белгіленген уақытта тұрған отбасы мүшелеріне ғана біржолғы ақшалай өтемақы төлеу мәселелері көтерілген.

Соңғы жаңалықтар