Әскери қызметшілердің лауазымдық еңбекақысы 60 пайызға жоғарылайды - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы екі жылда әскери қызметшілердің айлық жалақысы орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды.

Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Оймаша» полигонында өткен «Отпантау-2021» шұғыл-стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы мұнда әскери нысанның қызметімен танысты.

Президент армияның мемлекет пен қоғам тарапынан жіті бақыланатын нысан екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әскерді заманауи қару-жарақпен және техникамен одан әрі жабдықтауға негізделген Қарулы Күштерді және басқа да әскерлер мен әскери құрамдарды дамыту тұжырымдамасының бекітілгенін еске салды.

Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілерге кешенді әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне де тоқталды.

– Қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен артып келеді. Биылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық еңбекақылары 35 пайызға өсті. Алдағы екі жылда орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды. Барлық санаттағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешілген. ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда қазақстандық әскердің әлеуметтік топтамасы – бәсекеге қабілетті. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болады. Күшті әскер – қуатты егемен Қазақстанның кепілі, – деді Президент.


Соңғы жаңалықтар