Әскери қызметшілердің қайсысына ең бірінші кезекте жеңілдетілген займ беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша әскери қызметшілерге жеңілдетілген займ берілетіні белгілі. Ал әскерилердің ішінде қайсысына бұл займ бірінші кезекте тапсырылады? Бұл сұраққа ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында аталмыш банктің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы уақытқа дейін әскери қызметшілерге 84 несие бердік. Әскери қызметші алатын несие сомасы мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемі негізінде беріледі. Әскери қызметшілердің зейнетақы шоттарына біз қарамаймыз», - дейді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін 6 мың әскери қызметшіге жеңілдетілген займ беру көзделіп отыр. Ал келесі жылы бұл бастама жалғасын табады.

«Келесі жылы бұл бағдарламаны жалғастырып, жоспарлы түрде алдағы 5-6 жылда әскери қызметшілерді үймен қамтып аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама бойынша ең алдымен көпбалалы әскерилерге займ беріледі. Бізде өтінім берген 8 баласы бар әскери қызметші бар. Жалпы, бұл ұзақмерзімді бағдарлама деп айтуға болады», - дейді Ләззат Ибрагимова.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ләззат Ибрагимова Қазақстанда 6 мың әскери қызметшіге жеңілдетілген займ берілетінін мәлім еткен еді.

 

Соңғы жаңалықтар