Әскери қызметшілердің азаматтық медициналық мекемеге жүгінуге құқығы бар - маман

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әскери медицина құзыретіне кірмейтін аурулар болады, сондықтан әскери қызметшілердің азаматтық медициналық мекемеге жүгінуге құқығы бар. Бұл туралы онлайн-брифингіде Бас әскери-медициналық басқарма бастығының орынбасары - емдеу-профилактика басқармасының бастығы, медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Онкология кезінде біз қызмет көрсетпейміз. Сондай-ақ, 18-ге толмаған балаларға көмек көрсетпейміз. Бала туу ісіне араласпаймыз. Сонымен қатар, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің ішінде нейрохирургия, кардиохирургия, травматология саласындағы шараларымыз бастапқы кезеңде болып тұр», - дейді ол.

Айтуынша, әскери қызметшілердің азаматтық медициналық мекемеге жүгінуге құқығы бар.

«Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау саласы туралы» кодексіне сәйкес азаматтар дәрігерді және медициналық мекемені таңдауға құқылы жеп жазылған. Соған байланысты біздің әскери қызметшілер азаматтық медициналық мекемеге жүгінуге құқығы бар. Әскерилерге барлық жағдай жасалған. Олар жергілікті тіркелген емханаларға, сонымен бірге әлеуметтік сақтандыру бойынша үкімет қаражаты есебінен сақтандырылған. Сондықтан, біздің әскерилер жалпы азаматтық денсаулық сақтау жүйесінде толық ем қабылдауға құқылы», - дейді Берік Ілиясов.

Сондай-ақ, ол әскери қызметшілердің шет елдер клиникаларында емделуі және әскери қызметшілерді санаторлық-курорттық еммен қамтамасыз ету туралы да айтып берді.

«Шетелде ем беру тәртібі ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес бекітілген. Егер әскери қызметші сол тізімге кіретін болса, онда ол шетелде ем алуына болады. Оның үстіне, әскери қызметші әскери қызметі кезінде жарақат алса, ол жарақатты Қазақстанда емдей алмайтын болса, ол шетелге баруға құқылы.

Санаторлық-курорттық емдеу әскери қызметшілерге және әскери зейнеткерлерге «ҚР Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес бекітілген. Заңға байланысты қазір әскери қызметшілер және 25 жыл өтілі бар әскери қызметшілер санаторлық-курорттық ем алуға құқылы. Әскерилерге санаторлық-курорттық ем қабылдау үшін медициналық көрсеткіштер біздің Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен бекітілсе, әскери зейнеткерлерге арналған тізім Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген. Егер де тізімдегі науқастану болса, олар санаторлық-курорттық ем алуға жолданады. Биыл 1 100 жолдама алдық. Сарыағаш қаласында және Қарағанды облысындағы санаторийлерге. Жоспар бойынша емдеуге жіберу жұмысы жүргізіліп жатыр», - деді Берік Ілиясов.


Соңғы жаңалықтар