Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын көтеруге бар жағдай жасалуда - генерал-майор Әлібек Серәлиев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Қазақстанда әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын көтеруге барлық жағдай жасалған. Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР ІІМ ішкі әскер әскери институтының курсанттарымен кездесуі барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев айтты.

«Бүгінде әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын 90-жылдардың басындағы кезеңмен салыстыруға келмейді. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2011 жылы 16 ақпанда қабылданған Заңға сәйкес, бүгінде әрбір жас әскери қызметші пәтер жалдағаны үшін мемлекеттен ақшалай өтемақы ала алады және ол әр отбасы мүшесіне төленеді. Мәселен, Алматы қаласында орналасқан әскери қызметшілер әрбір отбасы мүшесі үшін 40 мың теңге көлемінде өтемақы алып отыр. Бұл Сіздерге Үкімет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау. Бұдан басқа да тұрғын үй кезегіне қою, балабақшалардан орын алу, емделу сынды бірқатар бағытта да жеңілдіктер қарастырылған», - деп атап өтті генерал-майор Әлібек Серәлиев. Кездесу барысында генерал-майор 4 курс курсанттарына қолбасшы өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің тарихы, қызметтік жауынгерлік жұмысы туралы мағлұматтарды жеткізді. Өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдері орналасқан аумақтардағы (Алматы, ОҚО, Қызылорда, Жамбыл облыстары) ахуалмен бөлісті. Сонымен қатар, кездесуде әскери кадрлардың кәсіби дайындығы, әскери ұжымдардағы әскери тәртіп пен заңдылықтың сақталуы, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы да әңгімеге өзек болды. «Бүгінде әскери бөлімде тағылымдамадан өткен курсанттар 3 ай мерзімнен соң мемлекеттік емтихан тапсырып, «лейтенант» әскери шенін алады және Ішкі әскер әскери бөлімдерінде взвод командирі, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарлары, тыл, байланыс, инженерлік қызмет т.б. мамандықтар бойынша лауазымдарға тағайындалатын болады», - деп қорытындылады ішкі әскерлер «Оңтүстік» қолбасшылығының қоғаммен байланыс жөніндегі офицері Дархан Мұқанов.

Соңғы жаңалықтар