Әскери қызметші үш мың шақырымды велосипедпен жүріп өтпек

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі, майор Олжас Тойшыбаев кезекті еңбек демалысында үш мың шақырым қашықтықты велосипедпен жүріп өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ол бұл марафонын төл әскеріміздің 30 жылдығына арнап отыр.

Олжас 24 сәуірде өзі қызмет ететін Атырау гарнизонынан жолға шыққан болатын. Жолай Орал, Ақтөбе, Ырғыз, Арал, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларын басып өтті. Тараз қаласында майор Олжас Тойшыбаевты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қарсы алып, құрмет көрсетті.

«Дене дайындығымен үздіксіз айналысатын әскери адам болғандықтан, өз мүмкіндігімді физикалық және моральды тұрғыдан сынап көргім келді. Кез келген спортшы үшін жаңа деңгейді бағындыру – рухыңды нығайту болып есептеледі», - деді әскери марафоншы.

Олжас жолда 10 келі салмақ тастапты. Әйтсе де көптеген жаңа таныстар тауып, керемет әсерлер алғанын айтады. Жолай тарихи орындарға ат басын бұрып, көрікті жерлермен танысуға мүмкіндік алған.

Велошерудің соңғы нүктесі – Алматы. Бұл қала – Олжастың туып-өскен жері. Онда велошабандозды туыстары мен жақындары, сондай-ақ өзі бірнеше жыл әскери қызмет атқарған Десанттық-шабуылдау әскерлеріндегі достары күтіп отыр.


Соңғы жаңалықтар