Әскери қызметші Қарағандыдан Жаңаарқаға екі күнде жүгіріп жетпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әскери полицияның әскери қызметшісі – аға лейтенант Заңғар Әлкенов Қазақстанда алғаш рет ультрамарафон бастап отыр. Ол «Қарағанды – Жаңаарқа» бағытын, яғни 200 шақырымды 48 сағатта бағындырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қорғаныс министрлігінен мәлім еткендей, З.Әлкенов марафонды бүгін, 2 қыркүйек күні сағат 7.00-де Қарағанды қаласындағы әскери полиция бөлімінің бақылау-өткізу пунктінен бастады. Жоспар бойынша оны 4 қыркүйекте туған өлкесі Жаңаарқа ауданында күтіп алады.


Офицер марафон жүгірісін Қарағанды гарнизонындағы әскери полиция бөлімінің құрылғанына 23 жыл толуына арнап отыр.

Заңғар Әлкенов қазақ күресінен ҚР спорт шебері және дзюдо мен самбодан спорт шеберіне үміткер. Бұған дейін еліміздің құрама командасында болған. Бірақ алған жарақаты мен операциядан кейін күрестегі кәсіби мансабын аяқтап, бесінші жыл қатарынан Армия орталық спорт клубының спортшыларын жаттықтыруда. Бірнеше жылдан бері көп шақырымдық марафондарға қатысып келеді. Оның ең ұзын қашықтығы 130 шақырымды құраған.

«200 шақырымдық марафон арқылы өз мүмкіндіктерімді төзімділікке тексеретін боламын», – дейді әскери қызметші.

«Жүгіріс навигациялық платформамен бақыланып тұрады. Онлайн режимінде жүгірушінің бағыты мен уақытын бақылауға болады», - деді министрліктен.


Соңғы жаңалықтар