Әскери қызметкерлерді коронавирусқа қарсы вакциналау наурызда басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Қарулы Күштерінде коронавирусқа қарсы вакцина наурызда жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскерде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар жөнінде орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов пен Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы - медицина қызметінің полковнигі Тимур Ошақбаевты тыңдады.

Жалпы, Қарулы Күштерде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны елдегі орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Бұл барлық жауынгерлік даярлық пен оқу-жаттығу іс-шараларын толық өткізуге, жауынгерлік әзірліктің жай-күйін қажетті деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 2020 жылдың көктемі мен жазындағы тәжірибе бойынша Қарулы Күштер еліміздің денсаулық сақтау қажеттіліктері үшін әскери-медициналық мекемелерді стационар, мобильді әскери-далалық госпиталь ретінде, сондай-ақ шалғай өңірлерде медициналық көмек көрсету үшін 24 дәрігерлік-мейірбикелік бригаданы жұмылдыруға дайын.

«Қазіргі уақытта екпе жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Ол Қарулы Күштерде биыл наурыз айында басталады. Екпе жүргізуде жеке құрамның басым санаттары айқындалып, оны алу кезектілігі жоспарланды.

Әскери қызметшілер мен азаматтық қызметкерлердің пікірлерін алдын-ала зерделеу көрсеткендей, барлығы дерлік коронавирусқа қарсы екпенің қажеттілігін қолдайды»,- деп атап өтеді министрліктен.

Осы орайда Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев жауынгерлік даярлық іс-шараларын қысқартуға, әскери даярлықты төмендетуге жол берілмейтінін атап өтті. Осыған байланысты коронавирус инфекциясының таралуына қарсы алдын алу іс-шараларын жетілдіруді тапсырды. Іс-шаралар түсіндіру жұмыстарын және денсаулық жағдайының күнделікті мониторингін, сондай-ақ жеке құрамға жоспарлы екпені, ПТР-тестілеуді, ал қажет болған жағдайда білікті медициналық көмек көрсетуді қамтуы тиіс.

Алдын алу шараларын ұйымдастыру мәселелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарының тиісті бөлімшелерімен өзара тығыз қарым-қатынаста жүргізу тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар