Әскери қызметкерлер арасында өнертапқыштар байқауы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әскери білім және ғылым департаменті алғаш рет Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен қызметкерлері арасында өнертапқыштар байқауын өткізді.

Шараға Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының профессорлық-оқытушылар құрамы мен курсанттары, «Оңтүстік», «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери қызметшілері қатысты. Аталмыш байқауға 23 жұмыс ұсынылды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ұлттық қорғаныс университетінің әскери-ғылыми зерттеу орталығы жүргізген сараптама нәтижелері бойынша жоғары ұпай жинаған және әдістемелік талаптарға сәйкес келетін тоғыз жоба одан әрі жұмыс істеуге ұсынылды.

Әуе қорғанысы күштері әскери институтының профессорлық-оқытушылар құрамы әзірлеген жаттығу кешені байқау жеңімпазы атанды. L-39С УБС инновациялық процедуралық жаттықтыру кешені сынақтан өтіп, курсанттардың оқыту процесіне енгізілді.

DCS World компьютерлік бағдарламасына негізделген әуе үдеткішінде ұшақ, қозғалтқыш және қару-жарақ жүйелері моделденеді. Кешен ұшу қызметі үшін аса маңызды жеке қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған жаттығу дайындығының көп деңгейлі жүйесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаны әзірлеуші, ақпараттық технологиялар бөлімінің бастығы майор Ержан Тілеуғабыловтың пікірінше, жаттықтыру кешенін дайындау кезеңінде заманауи ақпараттық технологиялардың қолданылуы әскери ұшқыштарды оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Оқу үрдісін компьютерлік ойынмен біріктіру бағдарламаны жақсы игеруге және дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді.

Тағы бір назар аударарлық жобаның бірі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында жасалған «Қараңғы уақытта көруді арттырудың оптикалық-электронды жүйесінің прототипі». Оны әскери радиотехника және электроника негіздері кафедрасының сандық электроника циклінің доценті подполковник Нұржан Зікірияев жасады.

Аталмыш жоба – ақпаратты көрсету, жер бедерін визуализациялау және инфрақызыл диапазондағы жарық жүйесі көрсетеді. Сондай-ақ ол әскери машиналардың экипаждарына қараңғыда бақылау жүргізуге және жарықты пайдаланбай қозғалуға мүмкіндік береді. Бұл экипаждардың жауынгерлік мүмкіндіктері мен өміршеңдігін айтарлықтай арттырады.


Соңғы жаңалықтар