Әскери курсанттар арасында математикадан халықаралық олимпиада өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары әскери білім беру ұйымдары курсанттарының арасында математика пәні бойынша халықаралық олимпиада өтуде. Бұл туралы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспаөз мәліметтеріне қарағанда шараға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және Тәжікстан Республикасынан келген 7 команда бақ сынауда.

Аталған ауқымды шараға ТМД-ға қатысушы мемлекеттерден келген командалардың жетекшілері және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бейіндік ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері мен азаматтық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамының математика саласындағы аса тәжірибелі мамандары қазылық етуде.

ТМД қатысушы мемлекеттерінің Қорғаныс министрлері кеңесінің төрағасы - Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі армия генералы С.Шойгу мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-майор Н.Ермекбаевтың тікелей жетекшілігімен әскери-оқу орындарындағы офицерлік құрамның сапалы дайындығына үлкен көңіл бөлініп келеді.

«Мұндай шаралар халықаралық сенімді арттырып, достық қатынасты нығайтуға және ТМД қатысушы мемлекеттердің әскери жоғары оқу орындарының ғылым-білім беру саласындағы тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік береді, - деді олимпиаданың ашылу салтанатында сөз алған ҚР Қорғаныс министрлігінің Кадрлар және әскери білім департаментінің бастығы генерал-майор Рашид Көпбаев.

Олимпиада төрт кезеңнен тұрады. Алдыңғы екі турдың қорытындысы бойынша Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты (Алматы қ.) курсанттарының командасы көш бастап келеді. Екінші орында - Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасының курсанттары үшінші орында келеді. Олимпиаданың жабылу салтанаты үстіміздегі жылдың 25 сәуірінде Қарағанды Мемлекеттік университетінде өтеді.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары әскери білім беру ұйымдары курсанттары арасындағы математика пәні бойынша халықаралық олимпиада 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар