Әскери кемелердің үздік экипаждары марапатталды

None
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оркестрдің сүйемелдеуіндегі әскери марш, теңізшілердің салтанатты киімі, қоғам өкілдері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскери қызметшілердің отбасы мүшелері, осы әскер түрінің негізін қалаушы ардагерлер мерекелік көңіл-күйдің сәнін келтірді.

Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы мен шараға қатысушылардың бәрін тарихи оқиғамен құттықтады.

«Сіздер еліміздің Қарулы Күштерімен бір сапта Жаңа Қазақстанды құрудың стратегиялық бағдарламасын дәйекті түрде іске асырасыздар. Мемлекеттің қауіпсіздігін, азаматтардың бейбіт өмір сүріп, еңбек етуіне атсалысып, құрметті әрі жауапты міндетті орындап жүрсіздер», - деді ол.

Бұл әскер түрінің қалыптасуы мен дамуының бастауында тұрған Әскери-теңіз күштерінің ардагерлеріне ерекше алғыс айтылды.

Қарулы күштердің ардагері, курсанттан бастап Тәуелсіз Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысына дейінгі әскери өмір мектебінен өткен контр-адмирал Ратмир Комратов бұл әскер түрінің қалай қалыптасқаны жайлы естеліктерімен бөлісті.

Салтанатты жиында кемелердің үздік экипаждары марапатталды. Қызметтегі жетістіктері үшін полковник Уәлихан Сүлейменов, подполковниктер Иван Понамаренко және Алексей Шпилев, 3-дәрежелі капитан Василий Агапитов және 3-сыныпты старшина Ғалымжан Төлембаев есімдері аталып өтті.

Шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы қойған концертпен аяқталды.


Айта кетсек, 1993 жылы 2 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен елдің Әскери-теңіз күштері құрылды. Қарулы күштердің дербес әскер түрі ретінде олар «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық шыққаннан кейін 2003 жылдың 7 мамырында түпкілікті қалыптасты.
Соңғы жаңалықтар