Әскери дәрігер: Ливаннан Қазақстанның байлығы – бейбітшілігі екенін түйіп қайттым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің офицері, медицина қызметінің подполквонигі Сәулет Қалдашов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңінің жеңімпазы атанды. Офицер жақында ғана Ливандағы бітімгершілік миссиядан оралған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәулет Қалдашов 2002 жылдан бері әскери медицина саласында қызмет етеді. Көпбалалы отбасының отағасы.

«Мен БҰҰ миссиясына еліміздің тарихында алғашқы болып қатысушы әскери дәрігермін. Біз сержанттар мен офицерлерден, әскери дәрігерлерден құралған 120 адам – қазақ ротасы жақында ғана Ливандағы бітімгершілік миссиядан сәтті оралдық. Миссия басшылығы тарапынан қызметіміздің нәтижесінде жоғарғы нәтижедегі шебер және басқаларға үлгі тұтарлық қазақ жауынгері деген ілтипатқа ие болдық», - деді ол.

Сәулет Қалдашовтың айтуынша, әскери дәрігерлер ұрыс даласында мойнына қару асынып, қарапайым медициналық сөмкемен сарбаздардың жанында жүреді.

«Миссиядағы бір жыл ішінде жергілікті Ливан халқына, шетелдік әскерилерге алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Медициналық эвакуацияны ұйымдастырдық. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті халықтың жедел жәрдемі бола білдік. Мен көрген Ливан жетпісінші жылдардың аяғына дейін гүлденген ел болса, қазір діндер мен конфессиялардың араздығынан халқы жік-жікке бөлініп, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасын орната алмай, берекесі қашқан ел. Дәрігер ретінде білетінім: соғыс зардабынан алған психологиялық жарақат халықтың санасынан кетпейтіні рас. Осының бәрін көріп, түйгенім: біздің Қазақстанның басты байлығы - бейбітшілік пен татулық екен», - деді ол.

Еске сала кетсек, елордада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңі өтті. «Қазақстанның жаңа есімдері» жобасының мақсаты - тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихы мысалында табыстылық, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге табыну идеяларын ілгерілету. Биыл жобаға қатысу үшін 1673 анкета қабылданған. Жалпы, барлық қатысушыға 700 мыңнан аса дауыс берілген. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша биыл 32 жеңімпаз анықталды.

Соңғы жаңалықтар