«Әскери баспана»: 5500 қызметшіге пәтер беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әскери баспана» бағдарламасы арқылы тұрғын үй алуға 5500 қызметшінің өтінімі мақұлданды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы біздің банктен әскери қызметшілер 70 мың арнайы есепшот ашып, тұрғын үй төлемдерін сол жерге жинап жатыр. Сол жылдың шілде айында «Әскери баспана» деген бағдарламаны аштық. ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері арнайы әзірленген «AASKERI.BASPANA.KZ сайты арқылы жеңілдетілген ипотекалық несиелендіруге қатысуға өтінімдер қалдырады», - деді Ләззат Ибрагимова.null

Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін әскери қызметшілер тарапынан несиеге баспана алуға 13 мың өтініш келіп түскен.

«Оның ішінде 5500 өтінімге келісім бердік. Қазіргі уақытта олар несие алып, пәтер іздеп жүр. 2250 адам пәтерге кірді. Тағы 250 әскери қызметшінің құжаты банкте қарастырылуда. 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін осы 5500 әскери қызметшіні толығымен баспанамен қамтамасыз етеміз деп отырмыз. Одан кейін бағдарламаның екінші кезеңі басталады», - деді банк басшысы.

Айта кетейік, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап 2 тамызға дейін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері арнайы әзірленген «AASKERI.BASPANA.KZ сайты арқылы жеңілдетілген ипотекалық несиелендіруге қатысуға өтінімдерді беру жүргізілді. Әскерилерге несиелер Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы беріледі. Жеңілдетілген несиенің үш түрі қарастырылған. Конкурс кезінде еңбек өтілі және қажетті алғашқы жарнаның бар-жоғы ескеріледі. Әскери қызметшінің несиесі тұрғын үй төлемдері негізінде берілетін қаражат есебінен өтеледі.

Соңғы жаңалықтар