Әскерге шақырылатындар ПТР зерттеуден екі рет өтеді - Сәкен Жүсіпов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әскерге шақырылатындарға ПТР зерттеуі екі рет жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Қарлы күштер БШ Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстар департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осымен екінші жыл әскерге шақыру науқаны пандемия жағдайында өткізіліп жатыр. Әскерге шақыру және жиын пункттерінде коронавирус инфекциясының алдын алудың әрі оның таралуына жол бермеудің тәжірибесі пысықталған. Өткен әскерге шақыру кампаниясындағы сияқты әскерге шақырылатындарға ПТР зерттеуі екі рет жүргізіледі, яғни, әскерге шақыру кезінде жиын пункттерінде және олар әскери бөлімдерге келген кезде», - деді С. Жүсіпов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық шектеулерді сақтау, медициналық маскамен, дезинфекциялау құралымен қамтамасыз ету ұдайы Қорғаныс министрінің бақылауында.

«Сонымен қатар, әскерге шақырылатындардың және олардың ата-анасының карантин шектеуін сақтау қажеттігін түсінуі әскери ортада коронавирустың жаппай таралуына жол бермеуге ықпал ететінін атап өтуді қажет деп санаймын. Алдағы әскерге шақыру барысында Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 қызметінің сервисі арқылы әскерге шақырылатындарға SMS хабарлама таратуды жалғастыру жоспарланып отыр. Хабардар ету процесінде жеке қарым-қатынас жасауды болдырмау инфекция жұқтыру қаупін азайтады», - деді департемент басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президентінің 2021 жылғы ақпандағы Жарлығына сәйкес, биылғы 1 қыркүйектен бастап күзгі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шаралары басталады. Жыл соңына дейін әскер қатарын 17 мыңға жуық жас жігіт толықтырады.



Соңғы жаңалықтар