Әскердегі сарбаз өлімінің алдын ала себебі анықталды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәлім етуінше, суицидке отбасы жағдайы себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«4 маусым күні ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаментінде мерзімді қызмет әскери қызметшісі Т. өз-өзіне қол жұмсады. Құқық қорғау органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша суицидтің себебі әскери қызмет өткерумен байланысты емес, отбасылық-тұрмыстық мәселелер екендігі анықталды. ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы мен жеке құрамы әскери қызметшінің туыстарына және жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына қажетті көмек көрсетіледі», - делінген ҰҚК баспасөз қызметінен берілген мәліметте.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Маңғыстау облысында шекара қызметінде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген Еділ Бақытұлы Тешебаевтің асылып қалғаны туралы жазбалар шыққан болатын. Онда марқұмның 2003 жылғы екені және ата-анасының Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тұратыны айтылған.

Сондай-ақ сарбаздың қайғылы оқиға алдында жазған хаттары қоса жарияланды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударып, осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырғаны хабарланды.



Соңғы жаңалықтар