Әскер Пириев: Біздің мақтанышымыз – бірлігіміз!

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясы өтетіні белгілі. Осынау маңызды іс-шара қарсаңында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әскер Пириевпен азырақ сұқбаттасқан едік.

- Әскер мырза, қай жылдан бері Ассамблеяның құрамындасыз және мұнда қалай келдіңіз?

- Жаңылмасам 2009 жыл болу керек, Астана қаласында тойланып жатқан Наурыз тойы мерекесінде қала тұрғыны ретінде отбасыммен қыдырып жүргенмін. Тойдың нағыз қазақы дәстүрде өтіп жатқанын байқадым. Бүкіл салт-дәстүр сақталып, жұрттың да көңіл-күйлері көтеріңкі, ғажап күн еді. Байқасам сахнада өнер көрсетіп жүргендердің арасында өзге этнос өкілдері де бар. Наурызды дәстүрлі түрде тойлайтын түркі тілдес халықтардың өкілдері сол жерде өздерінің өнерлерін сахнада паш етіп, құрылған киіз үйлерге бүкіл дәстүрлі музыкалық аспаптарын, т.б. ұлтқа тән заттарын қойып қойған. Бір жағынан, жиналған халыққа соларды көрсетіп, таныстырып, екінші жағынан, өздерінің өнерлерін көрсетіп жатыр екен. Қатты қызығып кеттім. Өзім түрік этносының өкілі болғандықтан, жалпы түркі тілдестердің бәрі менің жаныма жақын. Ешқайсын бөліп-жармаймын. Жалпы адамзатқа деген көзқарасым сол. Осы мерекеде барлық этностың әндерін, билерін тамашалап, көңілім толды. Бір жақта біздің түрік этносының өкілдері де өздерінің өнерлерін көрсетіп жатыр. Жандарына барып танысып, әңгімелесіп, Түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы - Ибрагим Абиловпен таныстым. Этномәдени орталықтың бар екенін бұрыннан білетін едім. Бірақ жақын барып, таныспағанмын. Қазақта «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» деген сөз бар ғой. Содан этномәдени орталықтың іс-шараларына мені де шақырып, қолдан келгенше өз үлесімді қоса бастадым. 2009 жылы Ибрагим бей мені өзіне орынбасар етіп алды. 2011 жылы Ибрагим бейдің Алматыға көшуіне байланысты Қазақстан Түрік этномәдени орталығының шешімімен осы орталықтың төрағасы болып тағайындалдым. 10 жыл бойы орталықты басқарып келемін.

- Осы жылдар аралығында Ассамблея сізге не берді, сіз не бере алдыңыз?

-Ассамблея өткізетін іс-шараларға қатыса жүріп, әр түрлі деңгейдегі топтармен, алыс-жақын шетелдік делегациялармен араласа бастадық. Бұл ел ішінде әр түрлі іс-шараларға араласып, өзімді елжанды азамат ретінде жан-жақты қалыптастыруыма себеп болды. Ассамблея арқылы бізге көптеген мүмкіндіктер ашылды. Ассамблеяның атынан барып қатысқан шараларда өзімізді жеке тұлға ретінде көрсетіп, бойдағы бар қасиетімізді одан әрі дамытып, дәрежемізді асқақтаттық. Екіншіден, Ассамблея арқылы өзіміздің мәдениетімізді басқаларға таныстырып, өзіміз де олардың мәдениеттерімен танысып, қазақстандық бірегейлік және қазақстандық мәдениеттің қалыптасуына үлес қостық. Әрі біліміміз, тәжірибеміз молайып, көкжиегіміз кеңейді.

«Ассамблеяға не бердік?» деген сұраққа келер болсақ, біз Ассамблеяның ешқандай іс-шарасынан қалыс қалған жоқпыз. Қазақстан халқы ассамблеясының бағыты, бағдары аясында атқарылған істердің әрқашан алғы сапында жүрміз. Мемлекетіміздің өркендеуі мен ел ішіндегі ауызбірлік үшін тер төгуге әрқашан дайынбыз. Абай атамыздың «Сен де кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дегенін ойға алсақ, Қазақстан мемлекеті деген үлкен құрылымның бір кетігінде кірпіш болып қаланғаным үшін өзімді бақытты санаймын.

- Ассамблеяның сессиясы жайлы...

-Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы бүгін, міне өткелі жатыр. Бір өкініштісі, әлемдік пандемия салдарынан шаралардың біразы онлайн өтпек. Бұл тек біздің басымыздағы жағдай емес, әлемде болып жатқан мәселе. Жалпы әрбір сессия – өз алдына бір үлкен мереке және зор жауапкершілік. Неге десеңіз, сессияда айтылатын ұсыныстар, қабылданған шешімдер осы алдымыздағы бір жылдың ғана емес жұмысы емес, жалпы Қазақстанның, қазақ елінің, келешегіне тікелей үлес қосатын жауапкершілігі зор дүниелер. Бір жылдың ішінде онлайн режимге үйреніп қалғандықтан, сессияның өте жоғары деңгейде өтуіне ештеңе кедергі бола алмайды. Осы сессияда қабылданатын шешімдердің нәтижесі еліміздің бірлігі мен тұтастығына үлкен пайда әкеледі деп сенемін.

-Ассамблея мен мемлекеттік тіл арасындағы байланыс қандай деңгейде деп ойлайсыз?

Сұрағыңыз қызықты екен. Есіме Елбасымыздың «Қазақстан халқы ассамблеясы – бұл бүкіл Қазақстан халқы» деп айтқан сөзі түсіп отыр. Нақты айтатын болсақ, бүгінге дейін Ассамблеяда мемлекеттік тілге арналған көптеген шаралар жүзеге асырылды. Бүгінге дейін ұйымдастырылып жатқан қазақ тіліне байланысты түрлі жобалар, тіл курстары, т.б. іс-шаралар осының дәлелі. Оған қоса, мемлекеттік тілді білетін өзге этнос өкілдеріне ерекше мүмкіндіктер ұсыну – олардың қазақ тілін үйренуі үшін берілген үлкен мотивация. Байқап қарасаңыз, Ассамблеяда мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері көп және олар да мемлекеттік тілді насихаттауда өз үлестерін қосып отыр.

- Қазір мемлекеттердің көпшілігі көпұлтты сипатқа ие. Сіздің ойыңызша Қазақстанның олардан қандай ерекшелігі бар?

-Тамаша сұрақ екен! Мысалы, Түркияда ондаған этнос өкілдері бар. Бірақ олардың барлығы өздерін түрікпіз деп есептейді. Идеология мен заң солай. Сондай-ақ Германия, АҚШ – ты алып қарасаңыз, олар да көпұлтты. Көпұлтты мемлекеттер аз емес. Бірақ Қазақстанның қалыптасу тарихы өзгеше. Сол себепті Қазақстан жайлы бөлек айтылу керек деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған кезде Елбасы 1995 жылға дейін Қазақстандағы этностар жайын қайта-қайта қозғап, осы Ассамблеяны құру туралы идеяларын жиі айтып жүрді. Осылайша 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы күні бүгінге дейін этносаралық келісімнің Қазақстандық моделін қалыптастыру жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Бұл кейбір жерлерде «Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық келісім моделі» деп те айтылып жүр. Бүкіл әлем біледі. Осы тәжірибені көптеген елдерден ғалымдар, тарихшылар, этнографтар келіп зерттеп, өз елдеріне апарып енгізгісі келген. Нәтижесіз де емес. Мәселен, Лондон қаласында тура қазақстандық модельдің кеңсесі бар екенін білемін. Екінші жағынан, жалпы қазақ халқының өзінің бойындағы ерекше қасиет – бұл қонақжайлылық. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген нақылын бойға сіңірген халық қой.

Біздің этносаралық келісім моделінің ерекшелігі – Қазақстан халқы ассамблеясының болуы және бұл бағытта көптеген жұмыстардың атқарылуы. Мысалы, еліміздің даңқын шығарып, көк туымызды желбіретіп жүрген азаматтардың ұлтын сұрамай-ақ, олардың жеткен жетістіктеріне бір үйдің баласындай қуанамыз. Оны этносқа бөліп айтпаймыз. Бұл - қазақстандық модельдің қалыптасқандығының және жұмысының жүзеге асқандығының көрінісі. Біздің мақтанышымыз, қуанышымыз, абыройымыз – ол біздің бірлігіміз!


Соңғы жаңалықтар