Асқазан обыры таралуы бойынша өкпе қатерлі ісігінен кейінгі орында тұр – хирург

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 17 адам асқазан обырынан қайтыс болды. Қазіргі уақытта 330 адам дерттің осы түрінен мамандардың есебіне алынған. Облыстық онкологиялық орталықтың дәрігері Азамат Белбеев ҚазАқпарат тілшісіне асқазан обырына кімдердің негізінен кімдердің ұшырайтынын, қатерлі ісіктің алдын алу үшін не істеу қажеттігін айтып берді.

- Азамат Қасымұлы, СҚО – қатерлі ісікпен ел бойынша алғашқы орындарда тұр. Ал асқазан обыры сырқаттарда қаншалықты жиі кездеседі, кімдер ауырады?

- Бірінші орында елімізде өкпе обыры тұр, одан кейін таралуы бойынша асқазан обыры келеді. Ал әйелдер арасында қатерлі ісік ауруларынан өлім-жітім бойынша сүт безі обырынан кейін тұр. Былтыр СҚО-да 129 адамда жаңадан анықталып, диспансерлік есепке алынды. Биыл олардың қатарына 93 адам қосылды. Сондай-ақ былтыр облыста асқазан обырынан 62 адам қайтыс болса, биыл 17 адам көз жұмды.

Бізге ауырып келген әр үшінші адамда дерт асқынып кеткен, яғни ауру IV сатыға өткенде ғана қаралады. Көбіне жасы 60-тан асқандар шалдығады. Десек те 30 және 40 жастағыларда да асқазан обырын анықтаған кездеріміз болды. Көбінесе асқазан қатерлі ісігі ер адамдарда кездеседі.

Асқазан обырының, жалпы қатерлі ісіктің даму себептері соңына дейін анықталмаған. Десек те, бірқатар фактор белгілі, ол – тұқымқуалаушылық, созылмалы гастрит, дұрыс тамақтанбау - тұздалған, ащы және ысталған тағамдарды көп мөлшерде тұтыну, көкөністер мен жемістердің ас мәзірінде аз болуы, сапасыз тамақты пайдалану, дәрумендердің болмауы, темекі шегу, спирттік ішімдіктерді ішу. Асқазан отасынан кейін 5-10 жылдан кейін де обыр пайда болуы мүмкін.

Обыр асқазанның кез-келген бөлігінде пайда болып, басқа мүшелерге, әсіресе өңешке, өкпеге және бауырға таралуы мүмкін.

Біздің өңірде асқазан обыры бойынша жағдай мәз емес, яғни оны ерте бастан анықтауда атқарар жұмыс көп.

- Асқазан обырын ерте анықтау мүмкін бе, қандай белгілері бар?

- Асқазан обыры диагнозын алғашқы сатысында қою қиын деп жатады. Ол баяу дамиды, көптеген адам өзінің ауырғанын білмей де қалады. Бірақ сырқаттармен сөйлесу барысында асқазанындағы жайсыздықтың жарты жыл бұрын кейде тіпті бір жыл бұрын басталғанын айтады.

Асқазанның қыжылдауы, ауырлық, сұйық тамаққа көшу, құсу, салмақты жоғалту, қуырылған еттің иісін көтере алмау. Соған қарамастан дәрігерге көрінбеу. Салдарынан алтын уақыт жоғалады. Ал ауру асқынған кезде ішкен тамағын құсып тастап, құрсақ қуысына сұйықтықтың жиналуынан іші өседі. Сондай-ақ күрт ариды.

Жалпы дәрігерге барып, тексерілу үшін ет тағамынан бас тарту, анемия, салмақ жоғалту жеткілікті. Сондай-ақ жүрек айнуы мен тәбеттің жоғалуы, жұту кезінде ауырсыну, аз мөлшерде тамақтану кезінде асқазанның толып кетуі, шаршау, қан құсу, қара нәжіс «меленаның» пайда болуы – мұндайда онкологқа көрінуді созбаған жөн. Мелена - қаннан пайда болатын жағымсыз иісі бар қара жартылай сұйық нәжіс.

- Асқазан қатерлі ісігі болуы мүмкін деген күдік бар, мұндайда не істеу керек, қандай тексерістерден өту қажет?

- Бүгіндікке ең тиімді әдіс - фиброэзофагогостродуоденоскопия (ФЭГДС) саналады. Бұл әдісті қолданған кезде асқазан-ішек жолы түгел көрінеді. Сырқаттар «менің асқазанымды көрді» дейді, жоқ, алдымен жұтқыншақты, өңешті, тек содан кейін ғана асқазанды қарайды. Онкомаркер обырдың тек соңғы сатыларында ғана ақпарат береді.

Биыл сәуір айында келіншекке ФГДС жасап, оған созылмалы гастрит, асқазанда сұйықтық бар деп шешім шығарған. Бұдан кейін «обыр емес» деп бәрінің көңілі жайланған. Ал төрт айдан кейін сырқатты тексерген кезде онда асқазан обырының асқынып, IV кезеңге жеткені анықталған.

Эндоскопист асқазанда сұйықтықтың барына назар аударып, әйелді қайта тексерілуге жіберуі керек еді, бірақ ол істелмеді. Кейде біз қойған диагнозымызды растау үшін немесе керісінше, алып тастау үшін сырқатты 2-3 рет ФГДС-ке жібереміз. Эндоскопистерге артылған жауапкершілік зор, сондықтан да бұл сала мамандарын даярлауға аса мән беру керек.

- Қатерлі ісікті емдеуге мүмкіндік бар ма?

- Әрине, бар. Жалпы адамдар арасында обыр жайында қате пікір қалыптасқан, көпшілік оны айықпас дерт санайды. Егер де науқас асқынғанда емес, алғашқы кезеңінде көрінсе, толық емделіп шығуына мүмкіндік бар. Бірақ, үнемі дәрігердің бақылауында болады. Ал жалпы, асқазан обыры оперативті жолмен емделеді. Яғни ота арқылы асқазаны түгел немесе бір бөлігі алынады. Өкінішке орай, Қазақстанда жылына 2800 сырқат анықталса, соның бір мыңға жуығына ғана ота жасалады, яғни үштен біріне. 2/3 бөлігі химиятерапиядан өтеді. Емдеуге қажет препараттар бар, емдеу жолы белгілі.

- Қандай кеңес бересіз?

- Мемлекетіміз обыр ауруларын ерте анықтауға үлкен мән береді. 2012 жылдан бері облыста өңеш және асқазан обырын ерте сатысында анықтауға арналған пилоттық жоба – скрининг өткізіліп келеді. 50-60 жас аралығындағы тұрғындарды қамтимыз.

Егер де асқазанға байланысты қандай да бір проблема туындаса, созбай дәрігерге көрінген жөн. Ал жоғарыда аталған белгілердің тым болмаса біреуін байқаған жағдайда міндетті түрде тез арада онкологқа көріну қажет.

Ал аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтану керек, қақталған, қатты қуырылған, консервіленген, ащы тамақтан бас тартыңыз. Темекі мен спирттік ішімдіктерді қолданбаңыз. Көбірек көкөніс пен жеміс жеңіз.

Кей жағдайда дәрігер асқазан обырының алдын алу, қаупін төмендету мақсатында дәрі-дәрмек тағайындайды. Бірақ бұл қатерлі ісікке әкелуі мүмкін басқа аурулары болған жағдайда беріледі.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар