Асқар Жұмағалиев смартфонына қауіпсіздік сертификатын орнатқанын көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қауіпсіздік сертификатының мүмкіндіктерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз мәслихаты барысында министр тілшілер қауымына аталған сертификатты смартфонына орнатқанын көрсетті.

«Маған тиісті SMS келгеннен кейін, ешбір қиындықсыз сертификатты орнаттым. Бүгінде интернетте құқыққа қайшы контент көптеп кездеседі, сондай-ақ киберлік қатерлер де бар. Осы орайда тиісті қорғанысты қамтамасыз ету үшін аталған қауіпсіздік сертификаты іске қосылады» - деді А. Жұмағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол құқыққа қайшы контентке суицидті насихаттау, экстремистік әрі лаңкестік сипаттағы ақпараттар және басқа да теріс мәндегі деректер жататынын түсіндірді.

«Бүгінде интернетте жұмыс істеуге кедергі келтіретін вирустар бар. Бұл тұрғыда қауіпсіздік сертификаты осы тектес кибер тосқауылдар мен қатерлерден қорғануға көмектеседі», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметшілер осы сертификатты бір жарым жылдан бері пайдаланып келеді.

«Тек соңғы айда аталған сертификат 8 миллионнан астам вирустық белсенділіктің фактілерін анықтауға, меморгандар мен мемлекеттік қызметшілер жұмысына қарсы бағытталған 130 мың кибер шабуылдан қорғауға мүмкіндік берді. Мемлекеттік қызметшілер ретінде қауіпсіздік сертификаты аясында тиісті жұмыстарды жалғастырамыз. Ел тұрғындары өз еркімен аталған сертификатты орнатады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, операторлар аталмыш сілтеме елдегі барлық абоненттерге таратылып жатқанын айтады.

Яғни, әзірге ондай SMS алмаған адамдардың алаңдауына себеп жоқ. Сілтеме келген сәтті күтіп, орнатуға дайын болуы керек. Мамандардың айтуынша, абоненттің хакерлік шабуылға ұшырауы үшін күмәнді сілтемеге өтуі міндетті емес. Яғни қауіпсіздік жүйесінің сертификаты болмаған жағдайда интернет арқылы пайдаланатын көптеген қызметтерге кіретін құпия сөздер мен кодтарды ұрлау оңай. Қауіпсіздік жүйесінің сертификатын орнату осы үшін қажет.

Соңғы жаңалықтар