Асқар Жұмағалиев Павлодардағы ХҚО жұмысымен танысты

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында сапармен болған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өндірісі министрі Асқар Жұмағалиев халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Инвесторлар үйіндегі «Заманауи ақпараттық технологиялар мен бизнес» атты IT-форумға қатысқан министр қаладағы №3 ХҚО бөлімінде де болды. Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева таныстырды. Фронт-офис күніне павлодарлықтарға 1200-ге жуық қызмет көрсетеді, оның жартысынан көбін тұрғындар электрондық форматта алады.
Министр бұдан бөлек, жаңадан ашылған көші-қон қызметі орталығында да болды. Шетелдік еңбек мигранттарына «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін орталық 1 шілдеден бастап жұмыс істеп келеді.
Айта кетейік, Павлодарлық филиалда мемлекеттік қызметтер бойынша 723 мыңнан астам қызмет көрсетілген, оның 500 мыңын Ертіс өңірінің тұрғындары өз бетінше «Connection point» секторы арқылы алған. Сондай-ақ павлодарлықтар 150 мыңнан астам ЭЦҚ рәсімдеген, ал мобильді азаматтар базасында тіркелгендер саны 350 мыңнан асты.

Соңғы жаңалықтар