Асқар Жұмағалиев: Ауыл мен қаладағы интернет тарифінде айырмашылық болмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауылдар мен қалалалардағы интернет тарифінде айырмашылық болмайды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында тілшілер министрден ауылдар мен қалалалардағы интернет тарифінде айырмашылықтың болуы мүмкіндігін сұрады.

Өз кезегінде Асқар Жұмағалиев ауылды жерлерге тартылған интернеттің тарифі қаладағымен бірдей болатынын жеткізді.

«Дәл осындай тариф болады, себебі қызмет тарифтік кесте бойынша ұсынылады. Бүгінде ауыл тұрғындарына 5-6 есе қымбат интернетті беру мүмкін емес. Сондықтан бұл тұрғыда салықтық жеңілдік шаралары (компанияларға) ескеріледі», - деді министр.

Сонымен қатар, ол спутниктік байланыс желісі қымбат технология санатына жататынын атап өтті.

«Оны пайдаланғысы келетіндерге біз тиісті мүмкіндікті береміз. Бұл қызмет бүгінде айтарлықтай қымбат. Осы орайда кең жолақты интернетпен басқа технологиялар есебінен қамтуды ескеріп отырмыз. Дегенмен талшықты желі тартылуы қиындау елді мекендер бар, яғни бұл ауылдарды тек спутниктік технологиямен қамтамасыз ету мүмкіндігі болады», - деді Асқар Жұмағалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілісте ауылдарды кең жолақты интернетке қосудың жоспары баяндалды.

Белгілі болғандай, жоғарыда аталған жобаларды орындау жұмыстарының нәтижесі бойынша 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы халқының 97 пайызы кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады. Қалған 3 пайызына спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Соңғы жаңалықтар