Асқар Жұмағалиев: Astana Hub-қа өзіміз күш салмасақ, сырттан ешкім көмектеспейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ақпараттық теxнологияларды дамытудың басымды бағыттарын атады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәріміз жақсы білеміз, Astana Hub іске қосылды. Ішінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Жас жігіттер күн-түн демей, қызықты идеяларды іске асырып жатады. Astana Hub корпоративті инновациялардың орталығына айналуы қажет. Бұл дегеніміз, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар IT тапсырыстарын шетелге емес, өзіміздің инноваторларымызға беруі керек. Стартаптар үшін барлық жағдай жасалған. Салықтық жеңілдіктер де беріліп отыр. Венчурлық қаржыландыру туралы заң қабылданды», - деді А.Жұмағалиев ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, ақпараттық теxнологиялар саласындағы отандық өнімдерді көбейту керек. Ал оған өзіміз күш салмасақ, сырттан ешкім көмектеспейді.

Осы орайда А.Жұмағалиев жас инноваторларға қолдау көрсетуге үндеді.

«Әрине, кей кезде сәтсіздіктер болып жатады. Біреулер банкротқа ұшырайды. Дегенмен, аяққа тұрып, алға қарай жылжу қажет. Оның бәрі венчурлық қаржыландыруда ескерілген. Бүгін сәтсіздік болса, ертең табысқа жетуіміз әбден мүмкін. Жас инноваторларымызға сенуіміз керек», - деп атап көрсетті А.Жұмағалиев.

Алқа мәжілісі кезінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Astana Hub»-ты дамыту туралы айтып берді.

Министрдің айтуынша, «Astana Hub»-та шетелдік компаниялар үшін визалық және еңбек режимдері жеңілдетілді. Салықтық жеңілдіктер де берілді. Технопарктің аясында 3 акселераторлық бағдарлама өткізілді. Осылайша,180 миллион теңге инвестицияны құрайтын 47 стартап іріктелді. Бүгінде технопарк базасында отандық және шетелдік ІТ-компаниялардың зертханалары орналастырылды.

Соңғы жаңалықтар